«ТИРАННЫҢ тағылымдары»
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қазір екінің бірі сынап-мінеп, 30 жыл бойына іште жатқан запыранын Қаскелең мен Шамалған жаққа қаратып құсып жатыр...
Ол да түсінікті, өйткені бұрын оған сын айту – көзсіз батырлық бола-тұғын. Қазір рахат: ешкім ол үшін жауапқа тартпайды, Назарбаевтың да сес көрсететіндей шамасы жоқ.
Мен кеше Назарбаевты асыра мақтап, бүгін оны тұқыртып жатқан «арсыз армияға» қосылмай-ақ қояйын. Себебі билікті басыбайлы басып алған (оны «узурпация» дейді) ол туралы ойымды ширек ғасыр бойына ашық айтып келемін. Жығылғанға жұдырық болмай-ақ қояйын, менсіз де тепкілеп, саяси ұпай жинап жатқандар көптеп табылып жатыр емес пе?
Шынымды айтсам, мен Назарбаевты аяймын. Осы қарғыстарды естімей-ақ, өмірден өте салу керек пе еді, кім білсін. Әйтпесе, өз қолымен құрған империяның құлдырауын, кешегі жағымпаздарының бүгінде өзіне қарсы шығуын көру кімге оңай тиеді дерсіз?!
Сол себепті кеше ғана парламент күшін жойған «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» заңды негізгі ала отырып, тиранның (ашығын айтсақ, солай ғой!) тағылымдарын тарқатайын.
Біріншіден, президент болсаң, ерте ме, кеш пе, осы орынды босататыныңды біліп, ақырын жүріп, анық бас! Ел Конституциясын өз ыңғайыңа қарай өзгерте берме: кейін оның бәрі қайта қаралып, баяғы қалпына келеді. Өзіңді қол сұқпас деп жариялаған заңдарың бір күнде-ақ түкке жарамай қалады.
Н.Назарбаев.
Сондықтан босқа әуре болма. Биліктің үш тармағын уысыңды ұстама, өйткені ертең әрбір тағайындаған адамыңның арам қылықтарын үшін жауап бересің.
Екіншіден, өзіңнің өсуіңе, өнуіңе, өркендеуіңе, билік басына шығуыңа себепкер болған адамды ұмытпа. Көзі тірісінде сыйла, құрметте, өйткені алдыңғы басшыны қалай қарасаң, ертең сенің ізбасарың да сені саған солай қарайды.
Үшіншіден, бірінші басшы болдым деп, қатарластарыңды тұқырта берме. Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді емес пе?
Төртіншіден, отбасың мен ошақ қасында жүргендерді тым аспандатпа. Балаларың мамандығына сай жұмыс істесін. Саясат пен мемлекеттік қаржыға қатысты бизнеске араласпасын. Қоғамды қинамасын. Өз қатарластарымен жақсы болсын. Асып-тасып, бірнеше қатын алып, шетелден виллалар сатып алып, сені ұятқа қалдырмасын. Өзің де моральдық жағынан ұстамды бол, бір отбасың болғаны абзал, әйтпесе, шашыласың. Және де ақылсыз тоқал (тоқалдар) болса, сені ұятқа қалдырады.
Бесіншіден, өзің басқарып отырған елдің байлығы – сол елдің байлығы, оны жекешелендіріп, басқа біреудің атына жазып, заң алдында таза боламын деп, әуре болма: ерте ме, кеш пе, барлық оффшор ашылып, бәрі аян болады, тағы да ұятқа қаласың. Халықтың қазынасына қол сұқпа!
Қоғам үшін де тағылымдар бар.
Біріншіден, ешбір адамға табынуға болмайды. Бір сөзімде айтқанмын, қазақта бір келісім бар: екі ғана абсолют болсыншы, бірі – Жаратқан ием, екіншісі – пенде болса да, маңайына ұлттың ұйыса алатын символы – Абай (оның өзін жоққа шығарушылар табылып жатыр емес пе?). Осымен тәмам: қалғанының бәрі – Қонаев болсын, Назарбаев болсын – бәрі пенде, бәрі де өздері тұсында өмір сүрген немесе өздері құрған жүйелердің шеңберінен шыға алмаған қарапайым, сіз бен біз секілді пенделер.
Екіншіден, билік басындағыларға «мынау жаман, анау жақсы екен» деп баға беруге болмайды. «Кез келген билік адамды бұзады, абсолюттік билік адамды абсолюттік түрде бұзады» депті бір білгіш. Дәл солай! Сол үшін кез келген жақсы адам билік басына келіп алып, Назарбаев секілді бұзылмауы үшін билікті үш тармағының тепе-теңдігі мен сөз босттандығы һәм ашық оппозиция болуы шарт!
Үшіншіден, болашақ президенттерге қатысты заңдарды да ойластырып қабылдаған жөн. Иә, «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заң өз күшін жойды. Бірақ, қазіргі заңнамаға сәйкес Назарбаев бәрібір бір бап бойынша, яғни «мемлекетке опасыздық жасағаны үшін» ғана жауапқа тартылады. Қалған қиянаттары үшін жауап бермейді!
Өркениетті елдерде, мәселен, Францияда, бұрынғы президенттер сайлауына көлденең қаржы жұмсағаны үшін прокурор алдында тергеліп жатады.
Бізде болса, президент билікті басыбайлы басып алғаны, отбасын тайраңдатып қойғаны, халық байлығын жеке иелікке алғаны, саяси бәсекелестерін өлтіріп, соттағаны үшін ол жауап бермейді. Бәлкім, осы тұрғыдан заңды қайта керек болар.
Сонда ғана біз қазақ тарихында «елбасизм» секілді құбыжық құбылыс қайталанбайтын құқықтық негіздер жасай аламыз.
Әйтпесе, екінші Назарбаевты мына халық көтере алмайды!
P.S. Айтпақшы, ол заңда бұрынғы президенттің отбасы мүшелері туралы да айтылады. Әгәрәки оның бір емес, үш отбасы болса, не істейміз? Олардың бәрінің шығынын бюджет көтере бере ме? Бәлкім, танымал комедиялық фильмдегідей бір «сүйікті Гүлшетайынан» тараған ұрпағына ғана кепілдік берерміз, ә?..