«Мұнай ханзадасы» – ICIJ Тимур Құлыбаевқа қатысты ауқымды зерттеу жариялады
Бұрынғы президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа Активтерді қалпына келтіру комитетінің сұрағы көп. Оған Nege.Aqsha телеграм каналы дәлелдер келтірді.
Алматы, NEGE. Дәлелдердің бірі Алматы қалалық сотында қаралып жатыр.
Ал, Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) Құлыбаевқа қатысты ауқымды зерттеу жариялады.
Зерттеуде былай деп жазылған:
«2007 жылдары Құлыбаев аса байлардың бірі болып алғаш рет Forbes миллиардерлер тізіміне енді. ICIJ тергеуі көрсеткендей, Құлыбаев Арвинд Тикудің көмегімен сатып алған Беркширдегі Саннингхилл паркіндегі жылжымайтын мүлік шамамен 184 миллион доллар тұратын алты мүліктің бірі болды. Ол Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы компаниялар желісі арқылы сол жылы сатып алынған. Олардың үшеуі Лондонның бес жұлдызды қонақ үйлері мен Мишлин жұлдызды мейрамханаларымен танымал Майфэйр қаласында орналасқан.
Сол жылы Құлыбаев 54,5 миллион долларға Кенсингтон аймағындағы тағы екі лондондық жылжымайтын мүлікті сатып алды.
Caspian Cabals құжаттарына сәйкес, шамамен сол уақытта Құлыбаев пен оның серіктестері Багам аралдары мен Британдық Виргин аралдары сияқты құпиялық деңгейі жоғары юрисдикцияларда тіркелген компаниялар арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған. Сондай-ақ, Құлыбаев және оның серіктестері Ұлыбританияда, Нидерландыда, Испанияда, Люксембургте және басқа да Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік сатып алу және Құлыбаевтың корпоративтік активтерін басқару үшін компаниялар құрды».
ICIJ тергеуі Chevron мен оның серіктестерінің Құлыбаевпен байланысты компаниялармен келісімшарт жасасқанын анықтады. Мысалы, 2011 жылы Каспий құбыр консорциумы сингапурлық Steppe Capital қоры арқылы Құлыбаевтың бақылауында болған «КазСтройСервис» компаниясымен Қазақстанда екі сорғы стансасының құрылысына келісім-шарт жасайды. Жобаның бастапқы құны 276,5 миллион доллар болды, бірақ ақырында 486 миллион долларға дейін өсті. Құрылыстың аяқталу уақыты да артты: жоба 2,5 жыл орнына 6,5 жылға созылды.
«Жобалар кешіктіріліп жатқанда, Құлыбаев пен оның айналасындағылар сәнді өмір салтын қаржыландыруды жалғастырды. Мысалы, әйелі Динараның туған күнін тойлауға және Испаниядағы жазғы демалысқа шамамен 1,6 миллион доллар жұмсалды», – делінген зерттеуде.
Құлыбаевтың адвокаттары кәсіпкердің компанияны басқаруға да, келісімшарт бойынша келіссөздерге де қатыспағанын мәлімдеді.