Тілші: Жан-жануарлар өрттен бас сауғалап, ауылға кіріп жатыр

Абай облысындағы арнайы тілшіміздің хабарлауынша, өрт Бородолиха ауданының Успенка ауылының маңынан алыстап, Жирновка ауылына қарай ойысқан.
Тілшіміз Сәруар Қабдолланың сөзіне қарағанда, әзірге өрттің беті қайта қоймаған. Желдің бағыты бойынша қызыл жалын әр жаққа жалт беріп, жалын ұстатпай тұр.
«Өрттің беті қайтпай тұрған аумақтар Каштак және Жирновка орман шаруашылықтары. Абай облысының әкімдігі «елдімекендерге қауіп жоқ» деп мәлімдегенімен, Жирновка орман шаруашылығынан оншақты шақырым жерде ғана елдімекен бар», – дейді тілшіміз.
Бүгін кешкі сағат 18:00-ге арнайы брифинг өткізіп, журналистерге есеп беру жоспарлаған болатын. Алайда ол брифинг түрлі себептермен өтпей қалған.
Алапат өрт адамға ғана емес, жан-жануарларға да қиын тиген. «Охотзоопром» өкілі Шыңғыс Тынышпаев бұл туралы былай дейді: «Өрт салдарынан жан-жануарлардың бәрі орманнан қашып, ауыл-ауылға кіріп кетті. Халықтан өтініп сұрайтыным: бас сауғалап келген бұлан, марал, елік, киіктерді атып тастамай, ұстап алмай, қамап қоймай, жанашырлық танытсаңыздар екен. Су беріп, жем-шөбін берсеңіздер өрт басылған соң олар өз мекенін табады. Бұл жан-жануарлар – біздің еліміздің байлығы».
Әзірге өрттің салдарынан бір бұлан мен тоғыз елік өлі табылған. Зардап шеккен жануарлар дүниесінің нақты есебі өрт өшкен соң ғана жүргізіледі.
Қазір өрт ошақтарында жұмыс істеп жатқан еріктілердің саны екі жүзге жуықтапты. Өрт сөндірушілердің айтуынша, олардың көмегі көп тиіп жатыр. Бір ғана әттең-ай дегізгені «санитарлық тазалық тексереміз» дегендер ерікті аспаздардан санитарлық кітапша сұрап мазасын алған.
– Семей қаласының тұрғынымын. Өрт басталғалы бері достарымызбен бірігіп, ерікті ретінде көмектесіп жүрміз. Бізді уайымдатып тұрған нәрсе – жел. Жел ырық бермей тұр. Өртті одан әрі жайып алмау үшін қосымша техника, тікұшақтан бастап, тұрмыстық нәрселерге дейін қажет, – дейді ерікті Мәди.