11 Желтоқсан 14:16
...

«Тіл үйірген»... есек еті

Фото:

Қырғызстанда ауыр жұмысқа жегілуі тиіс салпаңқұлақтарды бордақылап, етке өткізетін «есек фермасы» жұмыс істейтіні белгілі. Шамамен осындай бір фермада мыңдаған есек бар, ал мұндай фермалар ондап саналады (дәлел үшін фотосы мен видеосын интернет сайттарынан табуға болады).

Қазақстанда да есектің «етті тұқымын» өсіретін-өсірмейтінін білмедім, бәлкім, бар шығар.., алайда, өзіміз еш сезбестен есек етін пайдаланып жүргеніміз анық.

Өзімше жеке зерттеу жасап көрдім де, есек етін негізінен шұжық өнімдеріне пайдаланатынына көз жеткіздім. Ең қызығы, Орта Азияның бірде-бір мемлекетінде есек етіне заң жүзінде тыйым салынбаған көрінеді. Заң тек еттің сапасы санитарлық талаптарға сай болғанын және қандай жануардікі екенін анық жазылуын ғана талап етеді екен.

Қандай ақымақ «Жоғары сортты есек еті, 1-сұрып» деп жазып, саудаласын?! Жазса, сиыр еті немесе жылқы еті деп, әрі кетсе, шошқа еті деп жазар. Ал осының бәрі сарымсақ қосылып, шұжыққа немесе лағманның бетіне тұздықпен қосып салынса, оның қандай ет екенін кім біліп жатыр дейсіз. Және бұл міндетті түрде көпшілік тамақтанатын жерде болуы міндетті емес. Сіз өзіңіз сезбестен, жылқы еті, не сиыр еті екен деп базардан сатып алуыңыз мүмкін.

Қазақстан жылына шамамен 1 млн 314 мың тонна түрлі ет өнімдерін тұтынады. Соның жартысы – шеттен келген импорт.  650 мың тонна импорт етті 18 млн халық санына шақсақ, әрбір қазақстандық шамамен жыл бойына 36 келі импорт етті тұтынады екен. Осы есептелген еттің құрамында есек еті бар екені күмәнсіз, бірақ нақты неше келі екенін анықтау керек. Егер, ойша жобалап 1% деп алғанның өзінде, ыстық астың, котлеттің, бургердің, манты мен чебуректің әрбір жүзінші үлесінде «тіл үйірер» есек еті қосылған.

PS: Ешкімнің тәбетін бұзғым келмейді, алайда сіз түскі асқа қандай ет жейтініңізді білуге құқылысыз.

(Журналист Бағдат Қожахметовтың Facebook парақшасынан)

Тегтер: