12 Ақпан 08:58
...

TikTok-та танымал Талғар әкімі қызметінен кетті

Арыстанбек Әбілқайырұлы
Фото: instagram.com/arystan830312

Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы денсаулық жағдайына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді.

Астана, NEGE. Ол мұндай шешім қабылдау оңай болмағанын айтады.

«Атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді», – деп жазды Арыстанбек Әбілқайырұлы.

Сондай-ақ ол қаланы басқару кезінде қолдау көрсеткен аудан басшылығына, әріптестері мен Талғар тұрғындарына, ақсақалдарға алғысын білдірген.

«Алдағы уақытта да Талғар қаласының дамуына бейжай қарамай, ел игілігі жолындағы бастамаларға тілектес боламын. Қаламыздың болашағы жарқын, дамуы қарқынды боларына сенімдімін», – дейді экс-әкім.

Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласын 2024 жылғы желтоқсан айынан бастап басқарды. Ол әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болды. TikTok желісінде оған шамамен 80 мыңға жуық адам жазылған. Ол тұрғындардың ұсыныс-шағымына бірден жауап қатып, тығыз қарым-қатынас орнатуымен ерекшеленді. БАҚ өкілдері оны «жаңа форматтағы шенеунік» деп атады.