TikTok-та қазақ ұлтына тіл тигізген Қостанай тұрғынына үкім шықты
Қостанай қаласындағы №2 соты қала тұрғыны Юлия Хонға қатысты үкім жариялады, деп хабарлайды Tobolinfo ақпарат агенттігі.
Астана, NEGE. Іс Қылмыстық кодекстің Әлеуметтік, ұлттық алауыздықты қоздыру бабы бойынша қаралған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында түнгі уақытта айыпталушы масаң күйде TikTok желісіне кіріп, өз аккаунтынан тікелей эфирге қосылған. Юлия Хонның адвокаты Валерий Лидің түсіндіруінше, эфирде Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған.
Тікелей эфир барысында айыпталушы бейәдеп сөздер айтып, пікірталасқа қатысушыларды (қазақтарды) ұлтына қарай қорлайтын мәлімдемелер жасаған.
Істі қараған судья Ольга Кузнецова Юлия Хонның кінәсі тікелей эфир, сараптамалық қорытындылар және куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденгенін атап өтті.
Сот үкімімен Юлия Хон екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін елден кетпеу туралы қолхатпен жүрген ол сот залында бірден қамауға алынды. Сондай-ақ ол 826 мың теңге көлемінде процессуалдық шығындарды өтеуге міндеттелді.
Сотта Юлия Хонның көру қабілетінен айырылған ұл асырап отырғаны жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырлған. Бұған қоса айыпталушының тұрмыста екені, жұмыспен қамтылғаны және бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылмағаны ескерілген.
Қорғау тарапы сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеді. Айыпталушының адвокаты Валерий Лидің айтуынша, тікелей эфир кезінде Юлия Хонның өзіне де тіл тигізген, ал айтылған сөздер бүкіл бір ұлтқа емес, нақты бір адамға бағытталған.