19 Желтоқсан 10:34
...

TikTok АҚШ-тағы активтерін америкалық инвесторларға сатпақ

pixabay.com
Фото: pixabay.com

TikTok АҚШ-тағы бизнесін үш америкалық инвесторға сату туралы келісімге қол қойды, деп жазады The Guardian.

Астана, Nege. Басылымның жазуынша, мәмілені 22 қаңтарда жабу жоспарланып отыр.

Меморандумға сәйкес, TikTok US атты жаңа бірлескен компанияның 50% үлесі Oracle, Silver Lake және Абу-Дабиде орналасқан MGX компанияларынан құралған инвесторлар консорциумына тиесілі болады. Олардың әрқайсысы 15 пайыздық үлеске ие болады.

Компанияның тағы 30,1%-ы ByteDance-тің қазіргі инвесторларымен аффилирленген құрылымдардың үлесінде болады, ал 19,9%-ы тікелей ByteDance компаниясының өзінде қалады.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, келісім аясында Oracle компаниясы TikTok-тың ұсыныс алгоритмін пайдалануға лицензия алады. Oracle компаниясының тең құрылтайшыларының бірі – Дональд Трамптың жақтасы Ларри Эллисон. Бұл серіктестік Oracle үшін TikTok-тың АҚШ-тағы пайдаланушыларына қатысты деректерді басқарудағы қазіргі рөлін одан әрі кеңейтпек.

«Трамп сізден көретін контентті бақылауды миллиардер достарына бергісі келеді. Америкалықтар президент TikTok-ты басып алу үшін тағы бір жасырын келісім жасады ма, соны білуге құқылы», – деп жазды Массачусетс штатынан сайланған демократ сенатор Элизабет Уоррен Bluesky әлеуметтік желісінде.

Бұған қатысты Байден әкімшілігі кезінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Қытай және Тайвань бағытындағы саясатты үйлестірген Раш Доши де алаңдаушылық білдірді. 

«Алгоритмді нақты кім басқаратыны жөніндегі сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр. Ол АҚШ-тан алынған деректер бойынша оқытылады делінген», – деп пікір білдірген Раш Доши.

2020 жылы Дональд Трамп TikTok-ты бұғаттаймыз деп қорқытқан болатын. Кейінірек Конгресс ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкіе қауіптерге байланысты TikTok-қа тыйым салу туралы заң қабылдады.

Бұл заңға 2024 жылдың сәуірінде Джо Байден қол қойған. Тыйым 2025 жылдың 20 қаңтарында күшіне енуі керек еді, алайда Дональд Трамптың шешімімен оны іске асыру бірнеше рет кейінге қалдырылды.