Тергеу бүй дейді...
18 қараша күні Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай тұтқындалып, оны уақытша оқшаулау изоляторына қамағаны жөнінде ақпарат тарады. Оған «қылмыстық топтармен алдын-ала астыртын келісу арқылы елімізде тыйым салынған жолмен адам ағзасын сату-сатып алу қылмыстық ісіне қатысы бар» деген айып тағылған. («Следствием установлено», Время газеті)
Белгілі болғанындай, Донбай елге белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратовқа байланысты іске қатысты тұлға ретінде жауапқа тартылып жатыр. Және бұл істің тағы бір фигуранты – қырғызстандық Б.Тайсалова.
Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораздың айтуынша, 2017-2018 жылдар аралығында Қазақстанда адам ағзасын саудалаумен айналысатын шетелдік азаматтардың ұйымдасуымен құрылған қылмыстық топ қарқынды жұмыс істеген.
- Бұл істе Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің тұрмысы ауыр азаматтары өз ағзаларын саудалап, сатып алушы шетелдік, оның ішінде Израильдің азаматтары болған, - деп мәлімдейді Ішкі істер министрінің кеңесшісі.
Мұндай көпқатпарлы қылмыстық іспен еліміздің құқық қорғау мамандары бұған дейін айналыспағандықтан, аталмыш қылмысты тергеудің қиынға түсетінін министрлік өкілдері де мойындап отыр. Сондықтан да, тыйым салынған медициналық оталардың қай қалаларда, қандай медициналық мекемелерде жасалғаны секілді ақпараттардың бәрі аса құпия сақталуда.
Шамалауымызша, Абылай Донбайдың ісі жеке іс ретінде қарастырылатын болса керек. Өйткені, Құттымұратовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс елімізде үлкен дау тудырып, оны ақтап алуға белгілі дәрігерлер, қорғаушылар, туыстары белсенді атсалысып кетті. Оның үстіне, ағза сатқан-сатып алған ондаған шетелдікті тергеу ісіне шақырып, Қазақстанға келтіру де оңай шаруа емес.
Айтқандай, полиция қызметкерлері ағза сатуға қатысты осындай ондаған істі тергеп-тексеріп жатқан көрінеді. Оның ішінде ең шулы болғаны – «Құттымұратов ісі». Бұған дейін құқық қорғаушылар дәрігерлердің тікелей қатысуымен 57 заңсыз ота жасап, бүйрек ауыстырған трансұлттық қылмыстық топтың жолын кескен. Осы мәселе барысында қылмыстық іс қозғалған кезде Ішкі істер министрлігінің криминалды полициясын басқарған генерал-майор, қазір Ақмола облыстық полиция басқармасының басшысы Арманбек Баймурзиннің айтуынша, жыл басынан бері адам ағзасы мен мүшелерін заңсыз сату ісі бойынша 60 қылмыстық іс қозғалған.
Генералдың айтуынша, трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырушылардың табысы шамамен 10 млн АҚШ долларын құраған. Ал, ақ халатты жандардың азғындап кеткені соншама, олар өзара телефонмен сөйлескенде донорларды «ет» деп атаған. Анықталғандай, ағза сату-сатып алу ісіне қатысқан барлық тұлғалар дін аман, тек, бір ғана Израиль азаматына ота кезінде ВИЧ-инфекция жұққан.
Жуырда Құттымұратов, Тайсалова, Донбайлардан өзге, қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Словенияда қолға түскен. Қазіргі таңда оның Қазақстанға депортациялау мәселесі қаралып жатыр.
«Құттымұратов және Ко» қылмыстық ісіне қатысты бұл екі бап та «адам ағзасын және тінін заңсыз алуға мәжбүрлеу және алу» және «трансұлттық қылмыстық топ құру, басқару немесе оған тікелей қатысу» бабына сәйкес ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкі тәркіленеді.
Тохнияз Күшіков