«Кейбір сұрақтарға жауап беру мүмкін емес...» – ҚР Қорғаныс министрі

NEGE порталының редакциясы жоғалған тікұшаққа қатысты ҚР Қорғаныс министріне ресми сауал жолдаған. Сауалда тікұшақ апатының мән-жайын, техникалық және ауа райына қатысты факторларды, экипаждың дайындығы мен тергеу барысындағы нақты мәліметтерді анықтауға бағытталған тоғыз сұрақ қамтылған болатын.
Ресми жауапта қазіргі таңда тергеу шаралары жүріп жатқаны және кейбір сұрақтарға жауап беру тергеу мүддесіне қайшы келетіні айтылады. Бірқатар сұрақтарымыз жауапсыз қалғанымен, Қорғаныс министрлігі бізге біраз ақпарат берді.
«Қазіргі танда тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесі аясында сауалыңызда көрсетілген кейбір сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 330-дан астам адамы, 59 бірлік автомобиль техникасы, 23 жүзу құралы, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар, авиация және кинологиялық есептоптар тартылғанын атап өткен жөн.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, құрамына Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаментінің жоғары білікті мамандары кірді. Комиссияның бір бөлігі іздестіруге жұмылдырылған, тағы бір бөлігі авиациялық инцидентті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. “Қазақстан Ғарыш сапары” ҰК спутник арқылы су астын көруге өз үлесін қосуда. Өтуі қиын аудандарға әуеден шолулар жасалып, жағалау белдеуі мен көл акваториясы тексерілуде.
Су асты және жер үсті іздеулеріне арнайы жабдықтарды пайдаланатын ғылыми және техникалық ұйымдар тартылған. Сонымен бірге, техникалық тергеу жалғасуда. Комиссия әуе кемесін дайындау және пайдалану жөніндегі құжаттаманы, құқық қорғау органдары мен авиациялық қызметтердің материалдарын, тікұшақ бағытындағы метеорологиялық және орнитологиялық жағдайды және басқа да факторларды зерделеніп жатыр. Іздеу жұмыстары жоғалған тікұшақтың экипаж мүшелерінің тағдыры анықталып, қайғылы жағдайға әкелген себептер анықталғанға дейін жалғасады», – деп жауап берді ҚР Қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев.

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын. Келесі күні, 26 шілдеде әуе кемесінің қалдықтары Сорбулақ көлінің акваториясынан табылды. Іздестіру жұмыстарын су астындағы нашар көріну мен лайлы тұнбалар қиындатқан, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын баяулатты.

2025 жылғы 10 тамызда су астындағы іздеу барысында экипаж командирі – майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылды. Ол армиялық авиациядағы эскадрилья командирінің орынбасары, 1-сыныпты ұшқыш болған. EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесі мол – жалпы ұшу уақыты 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындық деңгейімен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен көзге түскен. Әріптестері мен басшылықтың зор құрметіне ие болған.
2025 жылғы 11 тамызда іздеу топтары авиациялық эскадрильяның борттық технигі – капитан Бахтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтың денесін тапты. Ол – 1-сыныпты маман болатын. Сондай-ақ EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесіне ие болған, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық қызмет тәжірибесі бар, кәсіби даярлықтан өткен жоғары білікті маман еді.
2025 жылғы 12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі – капитан Амангелді Аман Нұрланұлының мәйіті табылды. Ол – тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшуларды орындаған, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы жалпы ұшу уақыты – 295 сағат.
«Үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері болып табылады. Олар әріптестері мен басшылық арасында зор құрметке ие болған, әрдайым көмекке дайын, жанашыр азаматтар еді», – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрлігі Сорбулақ көлінің акваториясы мен жағалау аумағын зерттеу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Өйткені жағдайды нақтылау үшін тікұшақтың қажетті бөлшектерін су бетіне алып шығу керек.