29 Мамыр 12:29
...

Шерзат ісі: Сотта Ілиясов Нұрқияс пен Шынасыл Абзалдың арасында болған әңгіменің стенограммасы жарияланды

Шынасыл Абзал
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Сот іс материалдарын зерттеп жатыр. Шерзатқа пышақ жарақатын салғаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған айыпталушылар мен куәгер қыздар отырған Land Cruiser маркалы автокөліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған сөздер жарияланды.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары «Жасырын тергеу әрекеттеріне зерттеу және қарап тексеру жүргізу» хаттамасын жариялады. Хаттамада жасырын тергеу әрекеттерінің стенограммасы бар. 

«1-камера, ұсталған Ілиясов Нұрқияс пен Шынасыл Абзалдың арасында болған әңгіме. А. деген – Абзал, Н. деген – Нұрқияс», – деп нақтылады жәбірленушілердің адвокаты. 

А.: Көзі қилы ананың...

Н.: Досым, байқамадым.

А.: Көзі қилы ананың, брат. Бітіп, ішіне қарап тұрады.

Н.: Басқа жаққа қарап тұр десеші. Қалай артымызда тұрған көліктерге де тимеген? Соның ар жағында тағы көліктер тұрды. Айтқаннан кейін таспен түсірдім. 

А.: Мен де түсірдім. 

Н.: Тиді... мына жеріне ме? Бір жеріне тиді. Тас алдым да екеуі тұрды ғой. Бір-бірінің артында тұрды ғой. Еще мына жағында машина тұрды. Жіберіп қалып едім (боқтық сөздер), тура мына жеріне тиді. 

А.: Сен атты деген әңгімесі жоқ қой, бірақ...

Н.: Ұмытып қалған ғой, кажется. Сен айтпа!

Осы тұста жәбірленушілердің адвокаты айыпталушыларға: «Сен айтпа!», деп нені айтып отырғанын сұрады. 

«Мен Абзалды «досым» деп атамаймын. «Абзик» деймін, мына жерде «досым» деп жазылған. Мен тергеушіге мұнымен келіспейтінімді айтқанмын» – деді Ілиясов Нұрқияс.

Шынасыл Абзал да мұнымен келіспейтінін мәлімдеді. 

«Құрметті сот, мен мұнымен келіспеймін. Тергеушіге бұл менің сөзім емес деп айтқанмын. Ол жерде ондай әңгіме болмаған. Бейнежазба, аудиосы болса, тыңдасақ» – деді Шынасыл Абзал.

Сотталушылар аудиожазбасы болса, сол жерден өз дауыстарын тани алатынын айтты. 

«Сол кезде дискіде дауыстарың бар деген. Қойып бер дегенмін, тергеуші қоймады. Тек қағаз жүзінде әкеліп берді. Мен келіспеймін, Абзалды «досым» деп атамаймын дедім. Өмірі олай атамағанмын» – деді Ілиясов Нұрқияс.