«Терең тарихтан – жарқын болашаққа» атты түлектер форумы өтті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты ІІ Түлектер форумы өтті.
Түркістан, NEGE. Айтулы жиынға бүгінге дейін оқу ордамызда білім алған түлектер мен ардагер ұстаздар және студенттер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Түлектер Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды.
Айта кетейік, Түлектер форумы ең алғаш 2022 жылы университетіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған болатын. Бұл игі іс-шара бүгінде жалғасын тауып, дәстүрге айналды.Форум соңғы екі жылда марқұм болған ұстаздар мен қызметкерлерді еске алып, 1 минут үнсіздік сақтау рәсімінен басталды.
Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгінгі іс-шараның орны бөлек. Себебі, араларыңызда университетті аяқтағаннан кейін, жылдар бойы оқу ордаға қайта келсем, Түркістанды көрсем екен деген түлектеріміз бар. Біз де сіздерді сағындық! Ясауи түлегі – ең алдымен, туған еліне, екінші кезекте күллі түркі әлеміне, дүние жүзіне жақсылық әкелуге тырысатын, сол жолда Ясауи бабамыздың ілімін бойына сіңірген жан. Өзінің жұмыс атқарып келе жатқан ортасыа сыйлы, университет қабырғасындағы ұстаздары мен естеліктеріне құрметпен қарайтын, керемет азаматтар деп білеміз!Түлектер форумының жұмысына сәттілік тілейміз! Ал, осында отырған студенттерге түлек атанған аға-әпкелерінің жолын берсін!», - деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч:
«Университетті мәуелі бәйтерекке теңесек, түлектер оның жемісі деп білеміз.Түлектеріміз жай түлек емес, туған жерлерінде түрлі салада маңызды қызметтер атқарып жатқан азаматтар. Тіпті, ортамызда түлек атанып, бүгінде университет дамуы жолында қызмет атқарып жүрген әріптестеріміз де көп. Қазақстан, Түркия, Қырғызстан сияқты басқа да елдерде қызмет етіп жүрген түлектеріміз қаншама! Біздің міндетіміз – түлектермен байланыс нығайту, оларды бір ортаға тоғыстыру. Ясауи университетін тәмамдау әр түлекке үлкен мақатыныш деп білеміз!», - деді.
Құттықтау тілектерден соң, форум аясында – «Эндаумент» қоры салтанатты түрде ашылды.
Университетті әр жылдары аяқтаған түлектері ақ тілектерін арнап, сый-сияпаттарын табыстады. Олардың қатарында: Қызылорда облыстық прокурорының 1-орынбасары, 1997 жылғы түлек Исламбек Төлегенов, Түркия Республикасы Яхшихан Денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, Ясауитанушы, 2000 жылғы түлек Фатма Сөнмез, Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығының директоры, PhD Сапар Рахменшеев және өзге де түлектер бар.
Соның бірі, Түркия Республикасы Яхшихан Денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, Ясауитанушы, Түркістан қаласының құрметті азаматы, 2000 жылғы түлек Фатма Сөнмез ата жұрты Қазақстан, оның ішінде Түркістанға деген айрықша сезімін білдіріп, студенттік жылдарын еске алды.
«Түлектер форумында сіздермен қайта жүздескеніме қуаныштымын! Жүрегі Түркістан деп соққан, Түркиядағы барша түлектің ыстық сәлемін ала келдім. Бүгінгі маңызды басқосуды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын! Киелі Түркістан шаһары мен өзіміз білім алған Ясауи білім ордасы – біз үшін аса қымбат. Білім нәрімен сусындатып, түркі әлемінен достар сыйлаған Ясауи университетіне үлкен алғыс!», - деді.
Жиын «Ахмет Ясауи университетінің Үздік түлегі» номинациясы мен ректордың «Құрмет грамотасы» тапсыру рәсімімен жалғасты. Айтулы марапаттарға еліміздің дамуына үлес қосып, оқу орда атын асқақататып жүрген түлектер ие болды.
Келесі кезекте, түлектер Медицина факультетінің түлегі, м.ғ.к., офтальмолог, микрохирург, жоғары санаттағы дәрігер М.Сейсенбаеваның «Dr Maira» клиникасының салтанатты ашылуына қатысып, қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, еліміз бен шетелдерден келген білім, ғылым, бизнес, денсаулық сынды салаларда абыройлы қызмет етіп жүрген түлектер студенттермен кездесті. Аға буын студент жастарға университет жылдарындағы қызықты естеліктерін баяндап, кеңестерін айтты.
Форум соңында түлектер мен қонақтар, Универсиет кітапханасына «Кітап сыйлау акциясына» қатысты.
Осылайша әлемнің түкпір-түкпіріне таралған, Ясауи шаңырағының түлектері басқосып, сағыныштарын басып, үлкен қуанышпен тарқасты.