Теңіз кен орны бойынша мәселе НЕГЕ қайта көтерілді?
Chevron компаниясының Қазақстанмен Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту туралы келіссөздері жайлы ақпарат Венесуэладағы жағдайға байланысты қайта көтерілуі мүмкін. Сарапшының пікірінше, бұл Астананың америкалық компанияға қатаң талаптар қою ықтималдығын алдын ала бәсеңдету үшін жасалып отыр.
Астана, NEGE. Америкалық Chevron компаниясының Қазақстанмен Теңіз жобасының болашағына қатысты талқылаулар бастағанын The New York Times хабарлады.
Global Gas Centre ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Асқар Исмаилов Nege.kz порталына берген пікірінде бұл бағытта келіссөздер жүргізілетіні өткен жылдан бері белгілі болғанын, оны Chevron басшысы айтқанын еске салды. Оның айтуынша, мәселенің қайта көтерілуі сыртқы саяси жағдайлармен байланысты.
«Бұл жаңалық Венесуэладағы жағдайға байланысты қайта көтерілді деп есептеймін. Мұндағы мақсат – Қазақстанның америкалық компанияға тым қолайсыз шарттар қою мүмкіндігін (егер ондай ойлар бар болса) біршама азайту», – деді сарапшы.
Сонымен қатар Исмаилов қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан мұндай келіссөздерге жауапты ресми өкіл әлі анықталмағанын атап өтті. Бұған дейін талқылаулар болған күннің өзінде, олар ҚазМұнайГаз деңгейінде ғана өтіп, мемлекетаралық сипат алмаған.
«Сондай-ақ Қазақстан АҚШ-тың дипломатиялық және өзге де ықпал ету тетіктерін жақсы түсінеді. Сол себепті келіссөздерге әрдайым байыпты, салмақты көзқараспен қарап келді. Әрине, соңғы 30 жылда Қазақстан мұнай-газ саласына қажетті өндіріс пен машина жасау саласын толық жолға қоя алмады, бұл өкінішті. Дегенмен дәл қазір сол олқылықтардың орнын толтырып, бұрын жіберілген қателіктерді түзетуге мүмкіндік бар. Яғни заманауи технологиялар мен тәжірибені игеруге қолайлы кезең қалыптасып отыр», – дейді Асқар Исмаилов.
Егер толыққанды келіссөздер басталса, сарапшы үш негізгі талапты алға қою қажет деп есептейді. Олар: ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қаржы бөлу және жобаға қатысушылардың құрамын қайта қарау.
Исмаилов Теңізде қолданылатын өнеркәсіптік қондырғыларға арналған бөлшектер өндірісін Қазақстанда жергіліктендірудің маңызын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері машина жасау саласын дамыту қажеттігін айтып келеді және қазір бұл үшін өте қолайлы кезең. Тіпті бұл іске шетелдік компаниялар қатысса да, өндіріс Қазақстан аумағында орналасуы тиіс. Мұндай қадам кемінде 20 жыл бойы тұрақты жұмыс орындарын сақтауға әрі өндіріс көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.