USD
USD
USD

«Тентек» шахтасы кейінгі он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндірді

Республика күні қарсаңында Qarmet компаниясына қарасты «Тентек» шахтасы кейінгі он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндірді.

.
Фото: Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Ұзақ жылдар бойы өндіріс көлемі төмендеп келген кәсіпорын қазір бұрынғы қуатын қалпына келтіріп, жабдықтарын жаңартып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін көмір өндіру көлемін 1,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

«Шахта соңғы рет миллион тонна көмірді он жыл бұрын өндірген еді. Бүгінде біз бұрынғы көрсеткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, кәсіпорынды одан әрі дамытуға негіз қалап жатырмыз. Биыл ауа беретін екі жаңа негізгі оқпанды пайдалануға беріп, көмірді құрғақ байытуға арналған жерүсті кешенінің құрылысын бастаймыз», – деді «Тентек» шахтасының директоры Владимир Шнель.

.
Владимир Шнель/Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Жаңа оқпандар іске қосылғаннан кейін шахтаның жер астындағы жұмыс орындарына қосымша таза ауа жеткізіледі. Бұл кен қазу жұмыстарын кеңейтіп, көмір өндіретін жаңа учаскелерді игеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Qarmet шахтаның техникалық жабдықтарын жаңартуды жалғастырып жатыр. Биыл кәсіпорынға үш жаңа үңгілеу комбайны мен конвейер жабдығы жеткізілді. Соның арқасында жерасты жолдарын қазу жұмыстары жеделдеп, көмір өндіретін учаскелердің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалады.

.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Жаңғырту жұмыстарының тағы бір бағыты – бағыттап бұрғылау технологиясын енгізу. Қазір шахта мамандары қытайлық әріптестерімен бірге осы әдісті меңгеріп жатыр.

Бұл технология ұңғымаларды алдын ала белгіленген бағытпен бұрғылауға, қажет болған жағдайда жер қойнауының геологиялық ерекшеліктеріне қарай бұрғылау бағытын өзгертуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде көмір өндіретін жаңа учаскелерді дайындауға кететін уақытты қысқартып, бұрғылау дәлдігін арттыруға және шығындарды азайтуға болады.

.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Qarmet үшін Д-6 көмір қабатының қорын игеру де маңызды. Мұнда өндірілетін кокстелетін көмір компанияның металлургия өндірісіне қажет негізгі шикізаттың бірі саналады.

Осы қабатты игеру арқылы компания өз өндірісін көмірмен тұрақты қамтамасыз етіп, сырттан жеткізілетін шикізатқа тәуелділікті азайтуды көздейді. Алдағы жылдары шахтада көмір өндіретін жаңа лаваларды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.

.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Шахтаның миллион тонна межесіне жетуіне кеншілердің еңбегі зор үлес қосты. Әсіресе басқа кәсіпорындардан уақытша келген жұмысшылардан құралған бригада өндіріс көлемін арттыруға атсалысты.

Бригада мүшелерінің көбі бұрыннан бірге жұмыс істейді. Бірін-бірі жақсы білетін тәжірибелі кеншілер өзара түсіністік пен ұйымшылдықтың нәтижеге жетуге көмектескенін айтады.

«Біздің бригада мықты, еңбекқор жігіттерден құралған. Жігіттермен бір жылдан бері емес, көптен бері бірге жұмыс істеп келемін. Көбін басқа шахталарда еңбек еткен кезден білемін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, әркім өз міндетін біледі. Нәтижеге қол жеткізуіміздің сыры да осында», – деді бригада жетекшісі Александр Измер.

Миллион тонна көмір өндірілуіне және Республика күніне орай шахта аумағында ағаш отырғызу шарасы өтті. Ұйымдастырушылар бұл шараны кәсіпорынның қайта жанданып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуының белгісі ретінде өткізді.

.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі

Кейінгі он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндіру «Тентек» шахтасы үшін маңызды жетістік болды. Компания алдағы уақытта да жабдықтарды жаңартып, жерасты инфрақұрылымын дамытуды және жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар өндіріс көлемін одан әрі арттыруға бағытталған.

Қазір оқып жатыр

Qarmet пен Allur 500 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр

Qarmet

Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты – Тоқаев

вице-президент

Жезқазған зиратында қабір басындағы топырақ опырылған: әкімшілік себебін түсіндірді

.

Атырауда шенеунік жұмбақ жағдайда көз жұмды

.