«Теңгені күшейту үшін еліміздегі алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз» – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді.
Алматы, NEGE. 2024 жылдың қараша айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кетті. Президент өз сұхбатында аталмыш жағдайға қатысты ойын білдірді.
«Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды.
Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.
Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновпен кездескенде осы мәселені талқыладық», – деді Тоқаев.