Temu жарнамасы Австрияда жосықсыз деп танылды
Қытайлық Temu маркетплейсіндегі тауар жарнамасы Австрияда жосықсыз деп танылды. Австрияның Федералды монополияға қарсы ведомствосы (BWB) қосымшадағы жарнамалау тәсілдерін тексеріп, «олардың көбі сатып алушыларды жаңылыстырады» деген қорытындыға келді.
2024 жылдың күзінде Temu қосымшасындағы жарнама Австрия бөлшек сауда қауымдастығының басқарушы директоры Райнер Виллдің назарына ілікті. Ол жосықсыз бәсекеге қарсы федералдық заңды бұзу фактісі бойынша шағым түсірді. Шағымда Temu жарнамаларында тауарлар тек белгілі бір уақытқа ғана немесе өте шектеулі мөлшерде қолжетімді деп көрсетілетіні айтылған. Сондай-ақ Райнер Вилл тауарлардың суреттері мен сипаттамалары шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Австрияның Федералды монополияға қарсы қызметі шағымды қарауды аяқтады. Реттеуші Temu маркетплейсіне жосықсыз жарнама таратуды тоқтату туралы ресми ескерту жасады. Бұдан бөлек Австрияда жиі тапсырыс берілетін тауарларды тексеру үшін жұмыс тобы құрылды. Ведомство Temu алдағы уақытта да заң бұзуды жалғастырса, қосымша шаралар қолдануға құқылы екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Райнер Вилл Temu-ды бақылауды күшейтуге шақырды.
«Сатып алу мүмкіндігі шетелге кетіп жатыр, ел ішіндегі жұмыс орындарына қауіп төніп, маңызды салық түсімдері азаюда. Отандық бөлшек саудагерлер барлық талапты қатаң сақтауға мәжбүр болып отырғанда, дисконт-платформалардың іс жүзінде еш кедергісіз және заңды сақтамағаны үшін ешқандай салдарсыз жұмыс істеуіне жол беруге болмайды» – дейді ол.
Австрия – Temu-ға қатысты жосықсыз жарнама үшін шағымдар айтылған жалғыз ел емес. 2025 жылы Швейцарияда компанияға бірқатар жарнамалық тәсілді қолдануға тыйым салынды. Атап айтқанда, «Сәттілік шеңбері» әдісі заңсыз деп танылды: қолданушыға сыйлық ұтып алу немесе жеңілдік алу үшін дөңгелек айналдыру ұсынылғанымен, іс жүзінде сыйлық алу үшін белгілі бір сомаға тапсырыс беру қажет болған. Сонымен қатар Швейцария билігі «Бұл тауарды 100-ден астам адам себетке қосты» және егер тауардың нақты қоры 99 данадан аз болмаса, «Сатылып кетуге жақын» деген хабарламаларды қолдануға тыйым салды. Мамандардың пікірінше, мұндай тәсілдер пайдаланушыларды жаңылыстырып, импульсивті сатып алуға итермелейді.
Мұндай жарнамалық әдістер қазір Оңтүстік Африкада да журналистер мен құқық қорғаушылардың ерекше назарында. Қазір елде Temu-дың «пайдаланушылар iPhone 17 Pro Max-ты тегін ала алады» деген жарнамасы кең таралған. MyBroadband порталының журналистері бұл мәлімдемені тексеріп, жарнаманың өтірік екенін анықтаған.
Сілтеме арқылы өткен қолданушылар басты ұтыс қойылған «Сәттілік шеңберіне» кез болады. Қосымша дөңгелекті үш рет айналдыруды ұсынады. Әр жолы қосымшаны қолданушыға ұтыс секторы түседі. Кейін сатып алушыларға себетіне қосқысы келетін тауарды таңдау ұсынылады.
Мамандар «Сәттілік шеңберіндегі» ұтыс секторына түсу кездейсоқтық емес, бұл – клиентке табыс әсерін беру үшін жасалған арнайы бағдарлама екенін анықтаған.
Алайда «ұтқан» тауарларды алу үшін қолданушыға алдымен белгілі бір сомаға тапсырыс беру қажет екені хабарланады. Тіпті тапсырыс жасалғаннан кейін де сыйлық берілмейді: сыйлықты алу үшін сатып алушыға нақты белгіленген күн мен уақытта қайта кіру керек екені айтылады. Бұл нұсқауды орындау кезінде көптеген адамның бір мезгілде «сыйлық смартфондар» үшін кезекке тұрғаны байқалады. Нәтижесінде, шынымен біреу сыйлық алды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз болып қалады.
MyBroadband порталының ұжымы Temu-ға «Бұл жарнама алаяқтық емес пе?» деген сұрақпен ресми сұрау жолдаған. Сондай-ақ журналистер маркетплейс әкімшілігенен смартфондардың нақты сатып алушыларға берілгенін дәлелдеуді сұраған.
Temu жауап бергенімен, нақты жауап ұсынбаған.
«Бұл Temu-дың ағымдағы жарнамалық науқаны екенін және шынымен жарнама сыйақысын алған қолданушылар бар екенін растаймыз», – деп мәлімдеген Temu өкілдері.
Бұған дейін Қазақстан медиасында да Temu-дың агрессивті жарнамасы қолданушыларды импульсивті сатып алуға және қажетсіз заттарды алуға итермелейтіні туралы жазылған еді.
Айта кетерлігі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев шетелдік маркетплейстер Қазақстанда отандық компанияларға қарағанда ұтымды жағдайда екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазақстандық маркетплейстер толық көлемде салық төлеп, жұмыс орындарын ашып, экономикаға үлес қосады. Ал шетелдік платформалар тек «Google салығын» төлеумен шектеледі.
«Егер өз аумағымызда, өз нарығымызда артықшылықты шетелдік компаниялар ғана қолданса, кешіріңіз, бұл – еркін нарық емес, кемсітушілік. Оның үстіне, өз нарығында өз кәсіпкерлерін кемсіту», – дейді Перуашев.