Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Temu Венгрияда сатып алушыларға психологиялық қысым көрсеткені үшін айыпталды

Венгрияның Бәсекелестікті қорғау басқармасы (GVH) қытайлық Temu маркетплейсін тұтынушыларға психологиялық қысым көрсетіп, жеңілдіктер туралы жаңылыстыратын ақпарат таратты деп айыптады.

Temu
Фото: depositphotos.com

Астана, NEGE. Регулятордың мәліметінше, маркетплейс уақытша жеңілдіктер мен акциялар туралы хабарламаларды тұтынушыны тауарды тез арада сатып алуға итермелейтіндей етіп ұсынған. Атап айтқанда, жалған кері санақтар қолданылып, акцияның аяқталуына аз уақыт қалғандай әсер қалыптастырылған. Мұндай тәсілдер сатып алушыны асығыс шешім қабылдауға итермелейтін «қараңғы үлгілер» (dark patterns) деп аталады.

Тергеу барысында Temu кейбір тауарларға жарияланған 95% және одан да жоғары жеңілдіктердің шынайылығын дәлелдей алмаған. Кей жағдайларда компания көрсетілген жеңілдіктердің тұтынушыларға іс жүзінде қолжетімді болмағанын мойындаған.

Нәтижесінде Temu тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеуге міндеттелді. Сонымен қатар 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы қыркүйекке дейін Венгриядағы Temu-дан тауар сатып алған тұтынушылардың әрқайсысына 2000 форинттен өтемақы төлеуге келісті.

Осылайша, компания венгриялық тұтынушыларға жалпы шамамен 882 миллион форинт ($2,8 млн) төлейді. Бұдан бөлек, мемлекетке 437 миллион форинт ($1,4 млн) көлемінде айыппұл салынды.

Сол тергеу аясында Еуропада жұмыс істейтін About You онлайн-дүкенінің әрекеттері де қаралды. GVH компания тауар бағалары мен жеңілдіктерді тұтынушы нақты үнем көлемін анықтай алмайтындай етіп көрсеткенін мәлімдеді. About You 505 миллион форинт ($1,6 млн) айыппұл төлеп, 2022 жылғы 31 желтоқсаннан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін сатып алған клиенттеріне 1750 форинттен ($5,6) қайтаруға міндеттелді.

Temu-дағы жалған жеңілдіктер мәселесіне бұған дейін Францияда да назар аударылған. UFC-Que Choisir тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының зерттеуіне сәйкес, Temu мен Shein сияқты ірі маркетплейстердегі онлайн акциялардың 85%-ы шынайы жеңілдікке сәйкес келмеген. Зерттеушілер тауарлардың бұрынғы бағасы ретінде көрсетілген сызылған сомалардың көп жағдайда нақты болмағанын анықтаған.

Қазақстанда да Temu-дың геймификация элементтері мен тұрақты жеңілдіктері тұтынушыларды импульсивті сатып алуға итермелеуі мүмкін деген пікірлер айтылған. Сарапшылар мұндай тәсілдердің басты мақсаты – сатып алушыға тауарды ұзақ ойланбай алуға психологиялық түрткі жасау екенін атап өткен.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда сауда саласына салынған инвестициялар 637 млрд теңгеден асты

Инвестиция

Қазақ тарихы қайта жазылды. Енді оқулықтар өзгере ме?

Сәбитов, Әуеспекова

«Қасқырмен қоректеніп, қабан ұстады»: Үміттің Қазақстандағы алғашқы күндері қалай өтті?

жолбарыс

Ломтадзе Kaspi такси мен тамақ жеткізу сервисін іске қосуға неге асықпайтынын түсіндірді

Михаил Ломтадзе