13 Ақпан 15:00
...

Temu-дің бизнес үлгісі тығырыққа тірелді ме?

temu
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Кейбір сарапшылардың пікірінше, танымал қытайлық Temu маркетплейсі бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Компанияға бағаны негізсіз төмендету, пайдаланушылардың деректерін заңсыз жинау, Қытайдан заңсыз субсидия алу, тауар қауіпсіздігі талаптарын сақтамау және өзге де заңбұзушылықтар бойынша күдік келтірілуде.

Әртүрлі елдерде компания кеңселерінде тексерулер жүргізіліп жатыр, ал интернет қолданушылары Temu арқылы алынған сапасыз әрі қауіпті тауарлар жөнінде жиі шағым айтады. Сарапшылардың болжауынша, Temu бизнес үлгісі әлсірей бастаған. Бұл туралы restofworld.org хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, өте арзан баға мен Қытайдан тікелей жеткізілімге негізделген Temu үлгісінің әлсіз тұстары бар. «Миллиардер сияқты сатып ал» деген жарнамалық ұранның артында қауіпсіздік талаптарына сай тексерілмеген тауарлар, пайдаланушылар деректерін заңсыз пайдалану және Қазақстанда да, басқа елдерде де әділ бәсекелестік қағидаларын бұзу мәселелері тұрғаны айтылады.

Кейбір сарапшылар Temu моделі көп жағдайда көптеген елдерге арзан тауарларды баж салығынсыз жеткізу мүмкіндігіне сүйенген деп есептейді. Алайда жергілікті кәсіпкерлерді қорғау үшін бірқатар мемлекет импортталатын тауарларға қосымша салық пен баж енгізе бастады. Бажсыз импорттан алғаш бас тартқан ел АҚШ болды. Ал 2025 жылдың соңында Еуропарламент те арзан сәлемдемелерге салық салынатынын мәлімдеді.

Қытайлық ChoZan зерттеу компаниясының негізін қалаушы, қытай маркетингі жөніндегі сарапшы Эшли Дудареноктің айтуынша, Temu-дің бастапқы «Қытайдан тікелей тұтынушы есігіне дейін жеткізу» стратегиясы алғашында өте тиімді болғанымен, уақыт өте тұрақсыз болып шықты. Қазір компания жергілікті және халықаралық жеткізілімдерді ұштастыратын жаңа үлгіге шұғыл бейімделуге мәжбүр. Оның болашағы компанияның өзгерістерге қаншалықты жылдам икемделе алуына байланысты.

2025 жылдың маусым айында Temu маркетплейсіне иелік ететін PDD Holdings компаниясы АҚШ-тағы табысы бір тоқсан ішінде шамамен 40 пайызға азайғанын хабарлаған. Сарапшылар қытайлық маркетплейстердің бұрынғыдай жылдам әрі жеңіл өсу кезеңі аяқталуы мүмкін деп санайды.

Сондай-ақ, бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлер билік өкілдеріне салық жүктемесін жеңілдету және жергілікті бизнесті қолдау жөнінде өтініш білдірген болатын.

Тегтер: