Temu-дың табысы төмендеп барады – сарапшылар
Temu-дың айналымы түсіп барады. Қытайлық маркетплейске иелік ететін PDD Holdings компаниясының қаржылық есебіне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында компанияның түсімі сарапшылардың болжамын ақтамаған, ал таза пайдасы төмендеген.
Астана, NEGE. 2026 жылғы сәуір, мамыр және маусым айларындағы есеп бойынша, Temu-дың жалпы түсімі бірінші тоқсанмен салыстырғанда 8%-ға өскен. Алайда сарапшылар платформа бұдан да жоғары табыс көрсетеді деп болжаған. Бұған қоса акционерлерге тиесілі таза пайда 12%-ға төмендеді.
Мамандардың айтуынша, бұл қытайлық алпауыттың құлдырауының тек бастамасы екенін айтады. Бұған дейін БАҚ-та еуропалықтардың Temu-дан тауар сатып алуды азайта бастағаны туралы ақпарат тараған. Мұның негізгі себебі – Еуропалық одақта Temu және басқа да шетелдік маркетплейстерге қойылатын талаптардың күшеюі. Онда құны 150 еуродан аспайтын шағын сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде тіркелген кедендік алым енгізілді.
Бұдан бөлек Еуропалық комиссия Temu интернет-дүкеніне Цифрлық қызметтер туралы заңды (DSA) бұзғаны үшін 200 миллион еуро айыппұл салды. Комиссия қауіпсіздік бойынша негізгі сынақтардан өтпеген қуаттағыш құрылғылардың үлесі жоғары екенін анықтады. Сондай-ақ құрамында рұқсат етілген мөлшерден асатын химиялық заттар бар немесе алынбалы бөлшектеріне байланысты балалардың тұншығу қаупін тудыратын ойыншықтардың үлесі де жоғары болған.
АҚШ-та да арзан тауарларды бажсыз әкелу тоқтатылды.
Осылайша, елдер өз экономикаларын қорғауға тырысып жатыр. Temu жүргізіп отырған бағаны демпингтеу саясаты жергілікті өндірушілер мен бөлшек сауда өкілдерін адал бәсекеге түсу мүмкіндігін шектейді. Яғни сауда алыбы жергілікті шағын және орта бизнесті нарықтан ығыстырып, кәсіпкерлердің банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде елдегі жұмыс орындарының қысқаруына, жұмыссыздықтың өсуіне және бюджетке түсетін салық түсімдерінің азаюына әкеп соғады. Сонымен бірге арзан тауар сатып алу қарапайым тұтынушылар үшін де тиімді бола бермеуі мүмкін. Отандық өндірушілер мен сатушылардың нарықтан кетуі сатып алушылардың таңдау мүмкіндігін азайтады. Нәтижесінде Temu нарықта үстемдік орнатып, өз шарттары мен бағаларын белгілеуі мүмкін. Бұл туралы The Guardian басылымына Cube аналитикалық компаниясының тең құрылтайшысы Саймон Торринг те айтқан. Оның пікірінше, көбіне импорт салығы төмен арзан қытай тауарларының жаппай келуі жергілікті сатушылар мен өндірушілерге қиындық туғызады.
Мәселен, Таиландта Қытай тауарларының жаппай келуіне байланысты 2 мыңнан астам зауыт жабылуға мәжбүр болған. 2024 жылдың соңында Индонезия билігі Temu-ды ел аумағында бұғаттап, жергілікті кәсіпкерлерді әділетсіз бәсекеден қорғады. Ал осындай жағдай қайталануы мүмкін деген қауіппен Вьетнамда Temu мен Shein платформаларының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Ал Қазақстанда шетелден арзан тауарларды әлі де баж салығынсыз әкелуге болады. Қолданыстағы заңға сәйкес, егер сәлемдеменің құны 200 еуродан аспаса, кедендік баж төлеу талап етілмейді.
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та отандық бөлшек сауда өкілдерінің тең емес жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтқан. Оның сөзінше, қазақстандық компаниялармен салыстырғанда шетелдік компаниялардың салықтық жүктемесі әлдеқайда жеңіл. Жергілікті сатушылар салықтың толық пакетін төлеуге мәжбүр болса, шетелдік бәсекелестер тек «Google салығы» деп аталатын, мөлшері ҚҚС-қа тең салықты төлейді.
«Біз ережелердің әділ, ал жағдайдың тең болғанын қолдаймыз. Тым болмағанда төлейтін салықтық жүктемесі бойынша отандық кәсіпкерлерге тең жағдай жасалсын. Содан кейін ғана олар тұтынушы үшін бәсекеге түссін. Ал олардың қарсыластары мен бәсекелестері бастапқыдан тиімді жағдайда болып, бағаны демпингтей алатын болса, әрине, мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлердің құқығы шектелетіні анық», – деді депутат.