Теміржол індеттің алдын алуға кірісті
«ҚТЖ» ҰК» АҚ коронавирус індетінің таралуына байланысты алдын алу шараларын қабылдады. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында екі: №103/104 «Үрумші – Алматы-2» және №13-54/14-53 «Алматы-2 – Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Үрумші» жолаушылар пойызы қатынайды.
Алматы, NEGE. Ел аумағы бойынша вирустың таралуына жол бермеу мақсатында қазақстандық санитарлық қызметі Достық және Алтынкөл станцияларында келген пойыз жолаушылары мен бригадалары қызметкерлерін тексерістен өткізеді. Олар тепловизор арқылы жол жүрушілердің денсаулығын бақылайды. Содан кейін жолаушылар мен пойыз бригадасы қызметкерлеріне шекаралық және кедендік тексерістер жүргізеді.
Егер коронавируспен ауырып қалу күдігі болса, жолаушылар пойызының бастығы жедел түрде машинист арқылы медициналық пункт орналасқан станцияның кезекшісін немесе вокзал бойынша кезекшіні ақпараттандыруы керек.
Ол пойыздың тоқтау пунктіне келуіне дейін індетке қарсы алғашқы шараларды (ауруды өзге жолаушылардан оқшаулау, адамдардың қозғалысына тыйым салу, әрбір 30 минут сайын шәй ыдыстарын, еденді, санитарлық торапты және өзгелеріне дезинфекция жүргізу) жүргізуге міндетті.
Бұдан бөлек ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында нұсқаулықтар өткізілді. Сондай-ақ, пойыз бригадаларының қызметкерлері тыныс алу маскаларымен жабдықталып және оларды үнемі тағып жүру туралы ескертілді.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасында теміржол көлігімен багаж және қол жүгін алып жүруге бақылау күшейтілген.