Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын: ЖАҢАӨЗЕН мен ҚАҢТАР оқиғасының шындығын түбінде ТОҚАЕВ айтады

Белгілі ақын Темірхан Медетбекке Жаңаөзен оқиғасы жақсы таныс. Ол сол кезде оппозициялық күштермен бірге жүріп, халықтың пікірін билікке жеткізді. Кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін де ойын бүкпесіз айтқан зиялымен NEGE тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Темірхан аға, тура бір жыл бұрын сұхбат берген едіңіз. Бір жылда елімізде бірдеңе өзгерді ме? Қолға алынған саяси реформаларға көңіліңіз тола ма?
– Бәрі өмір ағымымен өтіп жатса да, өзгеріс бар ғой. Көз жұмып біреудің айтқанына сене беруге болмайды. Мәселен, әлеуметтік желіде президент Тоқаевты жамандап жатыр. Не үшін қара күйе жағып жатқанын білмеймін. «Ескілердің бәрін құрту керек, жастарды тарту керек» дейді. Отыз жастағы жігітті президент етіп апарсақ, бірдеңе өзгере ме?
Жалпы, Тоқаевтың жанына барып отырсам да маған сырын айтпас. Бірақ ол да адам. Өзінің тіршілігі бар. Жалпы бағыты дұрыс.
Не болса да, жұртты толқытып, үркітіп алмай ескі режимге қарсы жаймен жұмыс істеп жатыр. Біз де қарап отырмай демократиялы ел болуға талпынуымыз керек. Халық та «тәйт» дегенге қайырылып жүре беретін қой емес қой. Олардың да ішінде әртүрлі пікір бар. Тоқаевтан да артық ойлаймын дейтіндер кездеседі. Дұрыс, ойын ашып айтсын. Жалпы, Тоқаевтың кейбір шешіміне риза емеспін, бірақ істеп жатқан ұмтылысына қарсы шыға алмаймын.
– Таяу күндері Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға келіп, жалақының аздығын айтып, наразылық білдірді. Кейбіреулер оларды жергілікті «БерАли Маңғыстау» компаниясы айтақтап отыр дегенді айтады. Дегенмен, биліктің халықпен санасатын уақыты жеткен жоқ па?
– Оны естіп, біліп отырмын. Жаңаөзен халқын жақсы білемін. Кезінде өзім осы өңірде жұмыс істеп, 25 жыл тұрдым ғой. Адай болмасам да, адайдан былай емеспін. Халықтың аты – халық. Әрине, арандатушылар болады. Тіпті, әр үйде бір арандатушы бар. Арандату деген соншалықты қиын нәрсе емес. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда да арандатушылардың кесірінен қаншама адам жазықсыз құрбан болды, темір торға тоғытылды. Олардың әрекетін ақтай алмайсың. Сайтан саңғып кеткендер ғой. Момын халық оларға сеніп қалады.
Өзім Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫ құрметтеймін. Таза әрі іскер әкім. Мәселені шешуге тырысады деп сенемін.
– «Бүкіл қазақтың мәселесін бір жаңаөзендіктер ғана көтереді» деген пікірді естіп қаламыз. Сіз не дейсіз?
– Жаңаөзен халқының бастамасын депутат Еділ ЖАҢБЫРШИН қолдап, «мәселені шешу керек» деп жатыр. Өте дұрыс. Шешу керек. Шешілмей ештеңе болмайды. Жаңаөзендіктер ереуілге батырлығы қозып, көзге көріне қояйын дегеннен шықпайды. Олар әбден ашынған. Дәлігерінде, оларды ашындырып алған.
Басқа өңірдің халқы да осы күйді кешіп отыр. Бірақ Маңғыстау өңірін, Жаңаөзенді жұрт біле бермейді. Мысалы, оңтүстік аймақта есігінің алдына көкөніс ексе де, жайқалып өседі. Әйтеуір күн көретін тіршілік көзі бар. Ал Маңғыстауда мұның бірі де жоқ. Бұлар судың өзін тасып ішеді.
– Сіздіңше, Жаңаөзен, Қаңтар оқиғасының шындығы қашан ашылады?
– Осыдан он екі жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасына егжей-тегжейлі қанықпын. 17 адамды атып тастағаны өте масқара жағдай болды. Жеті ай бойы ереуілге шыққан халыққа оқ атқаны ұят, кешірілмейтін нәрсе. Бүгінге дейін Жаңаөзен оқиғасы дұрыс зерттелмеді. Әлі күнге оқ атуға рұқсат берген адамның кім екені айтылған жоқ. Сондықтан жұмбақ күйде қалды. Кім екенін жұрт іштей біледі. Бірақ сол кезде айтуға қорықты, әлі де қорқып отыр.
Қаңтар оқиғасы – трагедия. Оны ұйымдастырған адамдар әлі табылған жоқ. Мұны біреу ұйымдастырды. Оның кім екенін ол да, сен де, мен де іштей сеземіз. Күндердің бір күнінде шындық ашылады деп бәріміз де күтіп жүрміз.
Осының бәрін ұйымдастырған Мәсімов дейді. Мен оған сенбеймін. Бұл шаруа жалғыз Мәсімовтің қолынан келмейді. Оның мұндай нәрсені ұйымдастыратындай қабілеті де жоқ. Одан да мықтырақ біреу ұйымдастырды ғой.
Түптің түбінде, Жаңаөзен, Қаңтар шындығын Тоқаев айтады деп ойлаймын. Меніңше, шындықты дәл Тоқаевтай білетін ешкім жоқ.
Өйткені, Назарбаевтан барлық атақ, даңқты жұлып алды. Енді Қаңтар оқиғасына қатысы бар адамдарға да қауіп төнеді. Қазір әрі тарт та, бері тарт болып тұрған заман ғой. Түбі шындық ашылады.
– Бұған дейінгі сұхбатта «Қазіргі билік бұрынғы билік режимінің ықпалынан шыға алмай отыр» деп едіңіз...
– Иә, солай айттым. Жаңа Қазақстан жасауға ұмтылу керек. Бірақ айтылған бойда жаңа Қазақстан бола қалмаймыз ғой. Бұл мұғалімнің оқушыға күнделікті беретін тапсырмасы емес. Бұрынғы режим әбден қанға сіңіп, еттен өтіп, сүйекке жетті. Оны алып тастау үшін пәленбай жыл керек. Оған Тоқаев айтты, болды деген сөзі өтпейді. Бүгін айтылды, ертең орындалады деген мүмкін емес нәрсе. Мұны жұрттың өзі түсініп, істеуге ұмтылу қажет. Бізге жаңа кадрлар, жаңа заңдар керек. Қазір бұл іс шала-шарпы жасалып жатыр. Конституцияны өзгертті, президент сайлауы, парламент сайлауы өтті. Бірақ бәрі бір күннің шаруасы емес.
– Жаңадан жасақталған жаңа Қазақстанға берер бағаңыз қандай? Президент дұрыс жолмен келе жатыр ма?
– Жалпы, осы жаңа Қазақстан, ескі Қазақстан деген сөзге көңілім толмайды. «Жаңа адам, ескі адам» деген болмайды. Жап-жас болып біреудің қолшоқпары ретінде жүргендер бар, сол сияқты жасы 60-тан асса да халықтың жағдайын ойлайтын азаматтар көп. Мұның бәрі іс-әрекеттен білінеді.
Жаңа кадрлар да бір күнде шыға қоймайды. Отыз жыл бойы жұрттың бойына сіңіп қалған нәрседен арылу қажет. Билік басында бұрынғы режимнің талай адамы отыр. Олардың пікірін бір күнде өзгерте қою қиын.
– «Парламентті тарату қажет. Біз федеративті республика емеспіз ғой. Сенат, Мәжіліс демей-ақ, бір Мәжіліс қана жетеді…» деген едіңіз. Парламент мәжілісі сайлауына бардыңыз ба?
– Бардым, «Ауыл» партиясына дауыс бердім. Ауылда өскен адаммын. Жаманды-жақсылы еңбек еттім. Зауыт, фабрика дегенді білмеймін, себебі онда жұмыс істеген жоқпын.
Мен колхозда кетпен шаптым, айырмен шөп дестеледім. Сондықтан да осы партияның өтіп, ауыл халқының жағдайын көтергенін қаладым.
Сосын жеке мандат бойынша үміткер болған Мұхтар ТАЙЖАНҒА дауыс бердім. Бірақ ол депутаттыққа өтпепті.
– Назарбаев билігі кезінде асарын асап, жасарын жасаған біраз адам заң жүзінде жазасын алды. Атап айтқанда, Қайрат Сатыбалды 6 жылға, Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды.
– Олардың бәрі нағыз жемқор, ұятсыздар. Сатыбалды да, Боранбаев та кәдімгі ағасы мен құдасының ығында жатып алып, ішіп-жеген. Қызы Дариға да солай. Назарбаевтың бүкіл ықпалын жоқ қылды ғой, бұларды әлі тексеру керек. Сот шешімі қандай жыл берсе де, жазалану керек. Олардың жан-жаққа тыққан ақшасы, мүлкі толықтай қайтарылады деп ойлаймын. Бірақ бұл процесс қашан басталады, оны айту қиын.
– Кеше Жазушылар одағы әдеби жыл қорытындысын өткізді. Алда Құрылтай өтеді екен, баратын шығарсыз?
– Дәл қазір ауруханада ем алып жатырмын. Құрылтай болатын кезде ауырып қалмасам, тірі болсам, барамын.
– Өткенде одақтан ши шығып, төрағаның бірінші орынбасары қызметінен кетіп жатыр еді. Кімге дауыс бересіз?
– Иә, естідім. Ақберен ЕЛГЕЗЕКТІКІ асығыстау тірлік деп ойлаймын. Өзім барсам, сол Ұлықбекке дауыс беремін.