Теменов туған күнін тойлап, Ерке тосын сыйын тарту етті
Жиі той-томалақта жүретін өнер иелері биыл өздері той жасап жатыр. Бірі келін түсірсе, бірі мерейтойларын атап өтуде. Ендеше, топтаманы солардан бастайық.
Белгілі режиссер Талғат Теменов 70 жасқа толған мерейтойын дүркіретіп өткізді. Алматы төрінде өткен айтулы кеште Халық әртісі жайлы кітап та оқырманға жол тартты. Мейрамханаға жиылған меймандар арасында кітаптың тұсауын кесу белгілі жазушы Смағұл Елубай мен актер Досқан Жолжақсыновқа бұйырды.
Ал аға буын өкілін мерейтойымен құттықтай келген Айгүл Қосанова, Мейрамбек Беспаев, Ғазизхан Шекербеков сынды өнер иелері әннен шашу шашты. Той төрінен Талғат Теменовтың ұзақ жылдан бері келе жатқан айнымас досы Иманғали Тасмағамбетов төбе көрсетті.
Жиылған көпшіліктің бірі ақжарма тілегін айтып құттықтаса, ендібіреулері режиссердің арқасына шапан жауып, мерейін асқақтатты.
Ал белгілі продюсер «Жігіттер» квартетінің негізін қалаушы Ерғали Әбдірайымов келін түсірді. Той басында қалыңдықты әдемі әнімен Бағлан Әбдірайымов ортаға алып шықты.
«Құрметті ағайын, келінді болып жатырмыз. Құтты болсын айтып қойыңыздар. Сіздерге де жұғысты болсын!», – деп жазды продюсер желідегі парақшасына. Бұдан соң Бекжан Тұрыс, Жазира Байырбекова, Бота Бейсенова сынды әріптестері екі жасқа ақжарма тілегін жаудырды. Ал продюсердің жары Гүлсара Әбдірайымова тойдан қызықты суреттер жариялаумен болды.
Дәрен Айдарқұловтың бұрынғы жары, Ақбота-Нұр тұрмысқа шығуға әзірленуде. Желідегі жұртқа құпиясын жайып салудан тайсалмайтын өнер иесі әдемі ақ көйлек киген суретін жүктеп, «Ақ көйлек кию маған да бұйырды. Аллаға сансыз шүкір деп айтатын күн де жақындап қалған сияқты, жақсыларым» деп қуанышын жеткізді. Атақты брендертің бірінен өзіне 7 миллиондық сағат сатып алғанын жария еткен ол, жуырда жарыққа шығатын «Асыққан сағат» атты фильмде басты рөлді сомдайды. Мақсат Оспановтың фильмінде Ақботадан өзге Бауыржан Қаптағай, Райхан Қалиолдина, Бейнұр Баймұхамедов ойнайды.
Ерке Есмахан көптен жасырып келген туындысын таныстырды. Әнші жеке дара әшекей бұйымдарын сатылымға шығарғанын жариялады. Ол «Еркенің бренді сіздерге сәттілік алып келсін, бағы жұғысты болсын. Шын жүректен тіледім» деп жазды. Мойынға да, сөмкеге де үйлестіруге болатын аксессуардың нарықтағы бағасы 50 мың теңге болса керек. Алғандар «іші күміс, сыртына алтын жалатылған» деп баға берген. Көпшілік бұйымның нәзіктікті бейнелейтінін айтып, авторына табыс тіледі.
Дариға Бадықова кезекті авторлық туындысын тарту етпекке дайын отыр. Үлкен экранға шығатын кинокартина дебютті фильмінің жалғасы саналады, яғни «Таптым-ау сені-2» деп аталады.
Актриса іштей ниет етіп, бірінші туындысын марқұм әкесі мен ұстазы Болат Атабаевқа арнаған болатын. Кезекті шығарылымы да сол кісілердің рухына бағышталғанын жеткізді. Туындыны көзі қырағы көрерменмен таныстыруды жоспарлаған Бадықова фильмнің басты кейіпкерлерін ертіп, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Тараз және Талдықорған қаласын араламақ.