23 Қаңтар 16:47
...

«Телефонға телміріп отыр»: Депутат әріптестерін қатаң сынға алды

Кендебай
Фото: maslihat01.kz

Астана мәслихатының кезекті отырысында бұл жолы күн тәртібіндегі мәселелер тасада қалып, депутаттардың өзара қарым-қатынасы назарға ілікті.

Астана, NEGE. Астана мәслихатының тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбек жиын үстінде әріптестерінің жұмысқа салғырт қарап отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, тікелей эфир жүріп жатқанына қарамастан, кейбір қатысушылар тақырыпты талқылаудың орнына телефонға телміріп отырған.

«Отырысқа келіп алып, бәрібір телефонға үңіліп отырасыздар. Артқы қатардағылар экранға тіпті телміріп отыр. Келдіңіздер ме?! Тыңдаңыздар! Ал тыңдағыларыңыз келмесе, мүлде жиынға келмегендеріңіз дұрыс», – деді Адамбек.

Жиынның кейбір депутаттар үшін жай ғана «фондық режимге» айналғанын байқаған төраға әріптестерін тәртіпке шақырып, отырыс ұнамаса, залдан шығып кетуге болатынын да ашық айтты.

«Егер бұл отырыс сізге қажет емес деп ойласаңыз, қазір-ақ орныңыздан тұрып, шығып кете аласыз. Бірақ отырыс кезінде орындықтан тұрып, кіріп-шығып, ары-бері жүру – жол берілмейтін әрекет. Бұл президиумға да, депутаттарға да көрсетілген құрметсіздік», – деді Кендебай Адамбек.

Ашуға мінген депутат отырыстың хайп қуатын алаң емес екенін айтып, қатысушыларды өздерін күлкіге қалдырмауға шақырды.

«Резонанс жасаудың қажеті жоқ, бұл жер хайп үшін емес. Кейін кешірім сұрауға тура келмес үшін өздеріңізді күлкіге қалдырмаңыздар», – деп нақтылады Кендебай Адамбек.

Ол жиынның әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіліп жатқанын еске салып, мәслихат мінберінде айтылған әр сөз бен берілген әр жауапқа байыппен қарау қажет екенін ескертті. Сонымен қатар, шараға келгендердің басым бөлігі қазақ екенін алға тартып, баяндамалар мен сұрақ-жауап мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс екенін жеткізді.