«Тексеріп бара алмаймыз»: Министрлік пәтер бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Ресейден келген мигранттардың әсерінен елдегі пәтерлердің бағасы күрт көтерілді. Ал министрлік бұған тексеру жүргізуге қауқарсыз екенін айтады.
NEGE тілшісі қаржы министрлігінің вице-министрі Ержан Біржановтан осы мәселе бойынша қандай шара қолданып жатқанын сұрады.
– Бұл сұрақ қазір өте өзекті боп тұр. Біз қаржы министрлігі болғандықтан, тексеріске бара алмаймыз. Себебі үйді жалға беретіндер кіші кәсіпкерлік объектісі саналады, тіпті олардың кейбірі – жеке тұлғалар. Ал шағын және орта кәсіптерді тексеруге қатысты мораторий бар, – деді вице-министр ОКҚ брифингінде.
Екі күн бұрын қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та дәл осылай айтқан болатын. Оның сөзінше, «жағдай ушыққан жағдайда мораторийге өзгеріс енгізуге ұсыныс беріледі». Ал вице-министрдің сөзінше, ол ұсыныс әлі берілмеген. Бірақ бұл мәселені қашықтықтан бақыламақ ниетте екен.
– Қазіргі жағдайларды ескере отырып, біз Ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс істемекпіз. Миграция заңнамасы бойынша ІІМ өздерінің тексерісін жүргізеді. Солайша қай азамат қашан келді, қай мекен-жай, қай пәтерде тұрып жатыр, барлық деректерін анықтайтын сауалнама жасап, оны бізге жібереді. Біз камералық тексеріс жүйеміз арқылы пәтер иелеріне хат жібереміз. Егер ол орындалмаған жағдайда ғана жауапкершілікке тарта аламыз. Министрлікке мәлімет онлайн келіп түсетіндіктен, бақылау қашықтықтан жүргізіледі. Егер бұған басқа да мемлекеттік органдар қосылатын болса, бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – деді вице-министрі Ержан Біржанов.