1 Шілде 14:04
...

Театр тынысы: «Әке» зары

Маусым
Фото: NEGE

Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры биылғы маусымын «Әке» қойылымымен тәмамдады. Алесандр Вампиловтың танымал туындысын сахна тіліне негіздеп тәржімалаған – Мәдина Омарова. 

Лирикалық комедияда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қайшылықтары, алғашқы махаббат, үйленуден аяқ-асты бас тарту, жастық шақтағы албырттық және өнерге деген шексіз махаббат айна қатесіз суреттеледі.

Көрерменді күлдіре отырып жылататын пьесада жеті актер ойнайды. Атап айтар болсақ, Айарыс Дәуқараев, Нұрбол Мыңжасаров, Назым Төлеубаева, Нұрболат Рахатов, Арнұр Құсайынғазин, Қалбай Элмира және Шыңғыс Бейбітұлы бар.

Маусымжабар
Фото: NEGE

Актерлердің айтуынша, қойылым осыдан екі жыл бұрын орыс тілінде сахналанған. Кейін ұжымдағылар пьесаны жалпақ жұртқа қазақ тілінде ұсынуды жөн көріпті. Дегенмен, көркем шығарма болғандықтан, оны заманауи тұрғыда жеткізуге тырысқан. Мәселен, оқиға Алматы қаласындағы қазақ отбасында өрбиді. Сондай-ақ сахна кейіпкерлері қолына ұялы телефон ұстаған, шікірейген шенді жігіт те көрініс табады.

Айта кетейік, Элмира Қалбай – театрдың табалдырығын өткен жылы ғана аттаған жас актриса. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі өзіне басты рөлдің бұйырғанына қуанышты екенін жеткізді.

– Менің кейіпкерім өздеріңіз көргендей, отбасындағы жалғыз қыз болғандықтан, ананың да рөлін арқалаған. Әкесінің ащы суға жақындығы, бауырының еркелігі, бар қиындықты еңсеру бір өзіне жүктеледі. Осыдан шаршаған ол жағдайы жақсы жігіттің етегінен ұстап, тұрмысқа шығып кетуді қалайды. Сонда ғана тұрмыстың тауқыметінен құтыламын деп топшылайды. Бірақ көңіл қосқан күйеужігітке деген сезімі болмайды. Соңында тағдырдың жазғанымен өз махаббатын жолықтырады, – дейді актриса.

Осы орайда Элмира Қалбай замандас құрбыларына кеңес бере кетті.

– Махаббатсыз отбасын құрған қиын. Арада өзара сенім мен қолдау болса алда кез келген жетістікке жетуге болады. Сондықтан материалдық жағдайдан бұрын жүректің қалауына басымдық беріңіздер,– дейді ол.

Маусым
Фото: NEGE

Ал Айарыс Дәуқараев дәрменсіз әкенің рөлін боямасыз бейнелейді. Балалары өзінен бас тартқанда, «Мен сенің ұлыңмын» деп алдарқата келген бөтенге айқара есік ашып, алдына барын жайып салуы – қоғамдағы жалғыз қалған біраз ата-ананың періште көңілін көрсетсе керек. Мұны кейіпкердің «Ересек адамдарға әке-шешенің не қажеті бар?!», «Осы уақытқа дейін балаларымды бақтым, қақтым. Енді қайртайғанда керек болмай қалдым» деген ащы зары айқындай түседі.

«Әке» екі актерлік құрамнан тұрады. Мәселен, кезекті шығарылымда Айарыс Дәуқараевтың рөлін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әлпейісов, ал жеңілтек Жаннаны кейіптеген Назым Төлеубаеваны Алмира Тұрсын алмастырады.