«Тәжді тажалдың» мұсылмандарға жұқпайтыны рас па?

Кеше Nege.kz порталында дәрігер Ержан Нұрмұханмен сұхбат жарияланып, онда коронавирустың Қазақстан шекарасынан 150 шақырым жерден табылғаны, бұл вирустың «мұсылмандарға жұқпайтыны» сөз болған.
Осыған байланысты біз саясаттанушы Әділ Кәукеновке хабарласып, пікірін білдік.
Әділ Кәукенов
– Шын мәнінде, қазір Қытайда коронавирус індеті жүріп жатыр. Қазір бұл ел вирусты таратпау үшін бар күшін салуда. Әрине, интернетте түрлі ақпарат тарады. Бұл немен байланысты? Ақпарат ғасырында адамның көңілін бөлу үшін жалған ақпараттар да жүреді. Мұндай вирустар әлемнің әр елінде пайда болады. Сол Қытайда 2003 жылы бөгде типті өкпе қабыну вирусы шықты. Оның көлемі коронавирустан да үлкен болған. Бұл дертке шалдыққандардың саны да көп тіркелді. Сол сияқты Оңтүстік-Шығыс Азияда құс тұмауы, Оңтүстік Африканы эбола індеті жайлады. Алайда, коронавирус әлем елдерінің назарын неге аударды? Себебі, вирустың мұндай түрі бұған дейін болмады. Екіншіден, дерт жедел түрде тарап жатыр. Меніңше, әрі кетсе екі апта шулайды, сосын басылады. Оның үстіне қазір Қытайда жаңа жыл мерекесі. Жан-жақтағылар еліне ағылды. Сондықтан осы кезде елде халықтың нөпірі көбейеді. Содан болса керек, қалалар жабылып, карантин жариялады, – дейді Ә.Кәукенов.
– Қазақстанға қауіп төніп тұрған жоқ па?
– Әзірге Қазақстанға алаңдауға негіз жоқ.
– Қытайдың өзі әу баста індетті жасыруға тырысыпты. Солай ғой?
– Ол жақта Денсаулық сақтау дүниежүзілік ұйымының мамандары да бар. Олар жалған ақпарат таратуы мүмкін емес. Небір бейнежазбалар тарап, жұртты дүрліктірді. Көшеде келе жатқан адам құлап қалған бейнежазбаны көрген шығарсыз. Егер сол бейнежазбаны анықтап қарасаңыз, мезгіл де сәйкес емес және оның бұрын жазылғанын байқайсыз.
– Бұл Қытайдың қасақана жасаған саясаты болуы мүмкін бе?
– Олай деп ойламаймын. Әр кезеңде вирустың түрлері пайда болады дедім ғой. Мәселен, Қазақстанда былтыр, алдыңғы жылы шешек пен қышыма індеті жүрді. Батыс Қазақстан өңірінде без обасы тіркелді. Неге? Бізде ақпаратты жасырып қалады. Бір себебі, қазір бізде халық екпе салдырғысы келмейді.
– Сіз Қытайда оқып, сонда тұрдыңыз. Тағамдарын қорықпай жедіңіз бе? Оларға бар бәле астан келген жоқ па?
– Бұл елде ұзақ жыл тұрдым. Жыл сайын кемінде бес рет барып тұрамын. Коронавирус жыланнан жұқты деген болжам бар. Яғни, жыланды жарқанат тістеп алыпты-мыс. Иә, Ухань базарында түрлі экзортикалық жәндік сататыны рас. 2003 жылы тіркелген вирус та уланған иттен жұқты делінген.
– «Вирус мұсалмандарға жұқпайды» дегенге сенуге бола ма?
– Бұл – жалған. 2003 жылы SARS вирусы тарағанда сол жерде тұрдым. Бірақ вирус мынау мұсылман, христиан, будда екен деп таңдамайды. Ол адамның кімге сенетіне қарай ма? Ауырған адаммен қарым-қатынас болса, жұға береді Ауамен тарайды. Ал тағамдарына келсек, әрине, біздікінен бөлек. Мәселен, біз қойдың басын жейміз. Мұны кейбіреулер оғаш санауы мүмкін. Бұл да сол сияқты. Біздің күнде бас мүжіп жүрмегеніміздей, қытайлар да күнде жылан жемейді.