«Таза Қазақстан» – тұмса табиғат кепілі

Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүгінгі таңда жалпыхалықтық эко-челленджге айналып отыр. Бұл жобаға белсенді студенттер мен жастардан өзге мекеме қызметкерлері де жұмылуда. Мұндағы мақсат – өзімізді қоршаған ортаны қоқыс-қалдықтардан тазарта отырып, өскелең ұрпақ санасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.
Шара аясында белсенділік танытып жүрген жастар биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларынан бастап қызу жұмысқа кірісіп кетті. Мәселен,жыл бсында қоғамдық жұмысшылар мен мектеп оқушылары селбесе отырып, Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш алаңдарын қардан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ қытың аязында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» белсенділері коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсету мақсатында қызықты акция өткізген еді. Шара «Кел, шәй ішейік» деп аталды. Онда екі мыңнан аса жастар тобы коммуналдық қызмет өкілдеріне ыстық шәй мен тәтті бауырсақ тарата жүріп, қолдарына күрек алып, қар тазалау жұмыстарына да белсене араласты.

Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділері «Таза бейсенбі» акциясын өткізуді күннің басты тәртібіне айналдырған. Олар дәстүр бойынша елдімекендердегі көшелерді, саябақтарды, аллеяларды, су айдындары мен ескерткіштерді тазалап отырады. Осы ретте статистикаға зер салсақ, атқарылған жұмыс барысында 90 мың тоннадан астам қоқыс жиналыпты. Жастар тобы жалпыұлттық тазалық жобасы аясында road-эстафетасын да жандандырды. Аталған экологиялық бастамаға екі мыңға жуық адам қатысып, олар «Астана – Алматы» тас жолын қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Елдегі бірқатар өзекті экологиялық мәселелерді шешуге арналған «Таза Қазақстан» жобасы мынадай бірнеше бағытты көздейді:
Халық көп шоғырланған қалал мен елдімекендерден бастап, саябақ және ормандарды қоқыстан тазарту;
Көгалдандыру мақсатында ағаштар отырғызып, жасыл аймақтар құру;
Өзен-көлдердің ластануымен кешенді күресу;
Барлық санаттағы жастар арасында оқу-іс әрекетін жүргізе отырып, экологиялық тұщымды тәрбие беру;
Қалдықтарды бөлек жинастыруды күн тәртібіне айналдырып, қайта өңдеу жүйелерін іске қосу;
Жануарлар мен өсімдіктердің сиреп бара жатан түрлерін қорғап, оларды қамқорлыққа алу;
Шараға қатысушылар осы бағыттар бойынша тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, құстарға қолайлы орта жасу мақсатында өткен ақпан айында Жетісу облысы бойынша "Ыстық ұя" экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Шараға білек сыбана қатысқан жастар тобы жылы ұялар жасап, оларды жасыл аймақтарға орнатты. Сондай-ақ құстарды қорғау мақсатында дәріс оқылып, экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірнеше шеберлік сабақтары өткізілді.
«Ыстық ұя» экологиялық акциясы тұмса табиғатты таза ұстауға бағытталған маңызды бағдарламаға айналды. Бұл науқан өскелең ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауға қызығушылығын оятумен қатар табиғатқа жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастырады деген үміт бар. Мұндай бастама еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табар болса, елімізде экологиялық тепе-теңдік қалыптасады»– дейді шараның басы-қасында жүрген «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Жетісу облысы бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында 200-ге жуық акция ұйымдастырылса, оған 800-ге жуық жастар ат салысқан екен.
Сол сияқты «Таза Қазақстан» бағдарламасына түрлі жоғары оқу орындары да өз үлесін қосып отыр. Атап айтар болсақ, жуырда Сәтпаев университетінің білім ғимаратында алғаш эко-хаб есігін айқара ашты.

Онда білім алушы студенттер пластик бұйымдары қайта өңдеп, тұрмыста кәдеге асатын түрлі-түсті заттар жасап ұсынды. Келушілер қолдан жасалған тамаша бұйымдарға тамсанып қана қоймай, шебер жастардан тәжірибе де алмасты. Жобаны жандандырған Евгений Мұхамеджановтың пайымдауынша, студенттер еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға толыққанды қозғаушы күш болады.
Бұдан соң Алматы қаласы әкімдігі өзге оқу орындарында эко-хабтар ашу қажеттігін алға тартты. Осылайша ведомство студент-жастар арасындағы жобаны қалалық деңгейге жеткізу жоспары барын жеткізді. Бұдан соң ҚазБСҚА аталған акцияға серіктестік болуға бірден ниет білдірді. Бүгінгі таңда өзге университеттер эко-хаб ашуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясының өткен жылғы қорытындысына назар аударатын болсақ, ауқымды жұмыстар атқарылғанын анық аңғаруға болады.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы бағдарламаға ұзын саны 3,5 млн адам қатысқан. Ал жиналған қоқыстың мөлшері 1 млн 400 мың тоннаны құрайды. Көгалдандыру жоспары негізінде 3 млн түп көшет отырғызылған. Тұрғындар арасында аула тазартуға ат салысқандардың саны қуантарлық деңгейде, нәтижесінде 1 млн 700 мыңнан астам аула тазаланған. Алматы, Астана, Түркістан, Қызылорда, облыстарының халқы белсенлілік танытқандығының арқасында жоспарлы меже толығымен орындалса керек. 2029 жылға дейінгі мақсатты мемлекеттік тұжырымдамаға сүйенсек, «Таза Қазақстан» экологиялық сананы қалыптастырады деген үлкен үміт бар.