Референдум Референдум
3 Наурыз 12:40
...

Таяу Шығыстан 400-ден астам қазақстандық эвакуацияланады

эвакуация
Фото: istockphoto.com

БАӘ, Оман, Катар және Сауд Арабиясы арқылы арнайы рейстер ұйымдастырылып жатыр.

Референдум

Астана, NEGE. 3 наурызда Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан 400-ге жуық қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отыр. Қазір азаматтарды елге қайтару бірнеше бағыт бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Алғашқы рейсті FlyDubai әуе компаниясы орындады. Ұшақ шамамен сағат 9:00-де қонды. Бұл рейспен Қазақстанға 170 жолаушы жеткізілді. Көлік министрлігінің мәліметінше, елге қолында билеті бар жолаушылар қайтарылған. Қалған азаматтар Оман Сұлтанаты арқылы эвакуацияланады.

Қазіргі уақытта БАӘ билігі ұшуларды тек ұлттық әуе тасымалдаушылар арқылы орындауға рұқсат берген. Қазақстандық Air Astana және SCAT әуе компанияларынан жұмылдырылған 6 ұшақ БАӘ әуе кеңістігі ашылғанда ғана азаматтарды эвакуациялауға аттанады.

«FlyDubai рейсі түнде ұшып шықты. Бұл —компанияның өз шешімі. Елге оралған азаматтардың қолында алдын ала сатып алған билеттері болды. Ал транзит аймағында қалған, сол елде тұрып жатқан немесе түрлі себептермен кері қайта алмай отырған қазақстандықтарды елге қайтару жоспарланып отыр. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда, біз 6 рейс дайындап отырмыз», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгін, 3 наурызда Дубайдан қазақстандықтарды шығару транзиттік бағытпен, яғни Оман және Катар арқылы ұйымдастырылады. Алғашқы автобус колоннасы Оман бағыты бойынша жолға шықты. Бір күн ішінде шамамен 467 адамды шығару көзделген.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясынан да эвакуациялау шаралары пысықталуда. Жоспар бойынша азаматтар Катар арқылы Эр-Рияд пен Джиддаға жеткізіліп, одан әрі Қазақстанға әуе көлігімен тасымалданады. Екінші рейс Катардан Сауд Арабиясына бағытталмақ.

«Күн соңына дейін Оманнан 467 Қазақстан азаматын елге қайтаруды жоспарлап отырмыз. Екінші рейс Катардан Сауд Арабиясына бағытталып жасақталуда. Болжам бойынша, бұл Сауд Арабиясы Корольдігінің батыс бөлігінде орналасқан Джидда қаласы болады. Азаматтарды автобуспен Катардан Эр-Риядқа, одан кейін Эр-Риядтан Джиддаға жеткіземіз. Джиддадан, министр атап өткендей, отандық әуе компанияларының ұшақтарымен Қазақстанға қайтарамыз»,— деді СІМ орынбасары Әлібек Бақаев.

Джидда қаласынан қайтарылатын қазақстандықтар арасынан бірінші кезекте кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, 60 жастан асқан азаматтар және белгілі бір аурулары бар адамдар шығарылады.

Бұдан бөлек, Иран әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ондағы қазақстандықтар автобус арқылы эвакуацияланады. Армения, Әзербайжан және Түрікменстан бағыттары арқылы шығару қарастырылған.

«Сыртқы істер министрі ондағы әріптестерімен бірқатар телефон арқылы келіссөздер жүргізді. Кеше Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған шамамен 17 Қазақстан азаматы шығарылды. Шекарадан өтудің ең жақын нүктесі Түрікменстанмен шектес аймақ. Ал Түрікменстан билігі қазақстандықтарды осы жол арқылы шығаруға келісті. Жоғарыда атап өткен біздің азаматтар шекарадан аман-есен өтіп, қазір Қазақстанға қарай жолда келе жатыр»,— деді Әлібек Бақаев.

Қауіпті аймақтарда қалып қойған ел азаматтары транспорттарға ешқандай ақы төлемейді, тегін қайтарылады. СІМ жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, эвакуациялау шаралары жалғасып жатқанын жеткізді.

Референдум