Таяу Шығыстағы жағдай: қанша турист елге қайта алмай отыр?
АҚШ пен Израильдің Иранмен әскери қақтығысына байланысты Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар және Сауд Арабиясында 4 мыңнан астам қазақстандық турист қалып қойған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Туристік Қамқор» қорының төрағасы Инна Рей мәлімдеді.
«Біз түсініксіз жағдайға тап болдық. Бұл кезең қазақстандықтар үшін демалыстың ең маңызды уақыты еді. Парсы шығанағы аумағы – көпшілік үшін тартымды әрі қолжетімді демалыс бағыты. Демалушылар балаларымен бірге уақыт өткізуді жоспарлаған. Балалар да өте көп.
Бұл бәріміз үшін күтпеген жағдай болды әрі әлі де жалғасып жатыр. Шиеленіс күшейіп, шабуылдар артып келеді. Қақтығыс басылар емес. Әзірге нақты қандай да бір оң өзгерістерді көріп отырған жоқпыз», – дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі басты мәселе Біріккен Араб Әмірліктері болып отыр. Ондағы жағдай Қатармен салыстырғанда күрделірек. Туристер де өте көп.
Бұл ретте қор басшысы туристер туристік компаниялар арқылы саяхаттаушылар (ұйымдасқан туристер) және өз бетінше саяхаттаушылар болып екіге бөлінетінін атап өтті. Рейдің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Қор құрамына кіретін туроператорлар туристерді қонақүйлерге өз қаражаты есебінен орналастырып жатыр.
«Жалпы біз БАӘ-дегі үш мыңнан және Қатардағы бір мыңнан астам адам туралы айтып отырмыз. Оларға баспана ұсынылды, барлығы қонақүйлерге орналастырылды. Оларды көмек пен қолдау іздеп жүрген жолаушылардың негізгі бөлігімен шатастырмаңыз. Біздің туристер толығымен кепілдік жүйесінің бақылауында және оларға туроператорларымыз қолдау көрсетуде.
Қазіргі уақытта Мекке мен Мединада шамамен екі жүз адам бар. Сауд Арабиясына рейстер әзірге орындалып жатыр, бірақ әрі қарай не болатыны белгісіз», – дейді Инна Рей.
Бұған қоса ол қазақстандық әуекомпаниялар өз міндетін атқаруға дайын тұрғанымен, аспандағы жағдай әлі де қауіпті екенін айтып өтті.
«Бұл рейстердің орындалуына кедергі жасайды. Бізге жәбірленушілерден ешқандай шағым түскен жоқ. Өте ірі туроператорлар тартылғанын атап өткіміз келеді. Мәселелер осы деңгейде бірден шешіліп жатыр.
Бізде туристерден назардан тыс қалғаны немесе көмектесіп жатқандардың әрекетіне наразы болғаны туралы ешқандай жанжал, айқай немесе шағым болған жоқ. Барлық туристің денсаулығы жақсы», – деп түйіндеді сөзін қор жетешкісі.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі үндеу жасап, ел азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялау жолдары қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді.