Таяу Шығыстағы шиеленіс Орталық Азияға қалай әсер етеді?
Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық тұрақтылығына тікелей ықпал етеді. Экономист Думан Ахметжанұлының айтуынша, қазіргі жағдайдың бірқатар салдары бар.
Астана, NEGE. Экономисттің айтуынша, Орталық Азия елдері үшін теңізге шығудың ең қысқа да тиімді жолы Иран арқылы Парсы шығанағына өтеді. Сондықтан бұл бағыттың шектелуі, ең алдымен, логистика саласына елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін.
«Қазіргі таңда бұл бағыт жабық. Демек, астық пен мұнай өнімдерін басқа бағыттармен шығаруға тура келеді. Бұл тасымал құнын арттырады», – дейді Думан Ахметжанұлы.
Сондай-ақ сарапшы миграциялық тәуекел күшейіп, соның салдарынан еңбек нарығына қысым артуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Сириядан Еуропаға бағытталған көші-қонның салдары әлі күнге дейін Батыс мемлекеттерінің экономикасына әсер етіп отыр.
«Кез келген соғыс халықтың көші-қон толқынын әкеледі. Иран халқы көрші Орталық Азия елдеріне бет бұруы мүмкін. Бұл халық санының артуына әкеледі. Бірақ еңбек нарығын жаңа білікті мамандармен толықтырмайды. Керісінше жұмыссыздар саны өсіп, қылмыс көбеюі ықтимал», – дейді сарапшы.
Мұнай нарығына қатысты болжам да бірмәнді емес. Қақтығыстың күшеюі мұнай бағасын уақытша өсіруі мүмкін. Бұл Қазақстан үшін тиімді көрінгенімен, ұзақ мерзімді тұрақты өсімге кепілдік бермейді.
«Мұнай бағасы өсуі мүмкін. Бұл Қазақстан секілді экспорттаушы елге тиімді. Бірақ тұрақты өсім болады деген кепілдік жоқ. Еуропаға тасымалдайтын жолды қазір Украинадағы соғыс тежеп тұр. Мұнайды экспорттауға әзірге жаңа жолдар толық айқындалған жоқ», – дейді экономист.
Сонымен қатар сарапшы саяси сценарийлердің де маңыздылығын атап өтті. Егер Ирандағы жаңа билік сыртқы саясат бағытын өзгертіп, АҚШ пен Еуропа елдерімен жақындасу жолын таңдаса, онда энергетикалық нарықтағы тепе-теңдікке елеулі өзгеріс енеді.
«Венесуэла мен Иран мұнайы нарыққа артығымен шықса, мұнай бағасы арзандауы мүмкін. Мұндай жағдайда мұнай экспорттаушы елдер жоспарлаған табысын жинай алмайды. Олардың қатарында біз де бармыз. Бұл теңгенің әлсіреуіне, доллардың қымбаттауына алып келуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Дегенмен, Думан Ахметжанұлы Таяу Шығыстағы қақтығыстардың кері әсерлерімен қатар белгілі бір оң мүмкіндіктері бар екенін айтты. Оның пікірінше, Иранның химия өнеркәсібі аймақта маңызды орынға ие әрі ол бұл салада көшбасшы елдердің қатарында. Егер осы саланың технологиялары мен білікті мамандары Орталық Азияға шоғырланса, бұл өңір индустриясының дамуына серпін беруі мүмкін.