Тәуелсіздік сарайында Ресей Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Ресей басшысы Владимир Путинді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды.

Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.

Содан соң мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Айта кетейік, 27 мамырда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің ұшағы Астана әуежайына келіп қонды. Ресей басшысы мемлекеттік сапар аясында Қазақстанда 27-29 мамыр күндері болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективаларын талқылайды деп жоспарланып отыр.
28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтеді.