27 Қыркүйек 08:42
...

Татьяна Кравчук: Путиннің шешімі – ақырзаманның басы

Фото:

Ресей президенті Путиннің «ішінара мобилизация» жүргізу туралы үндеуі Украина халқына қалай әсер етті? Бұл туралы жергілікті жұрттың пікірі қандай?

NEGE тілшісі Каменец-Подольский қаласының тұрғыны Татьяна Кравчукпен тілдесті.    

Жеті айдан бері Украинамен соғысып жатқан Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте «ішінара мобилизация» жүргізу жөнінде жарлыққа қол қойды. Бұған Украина халқының пікірі қандай?

– Путиннің үндеуі туралы айтсам, ешкім мұндай ақымақтықты күткен жоқ. Ол осы шешімі арқылы отандастарын, яғни ресейліктерді өзіне қарсы қылды. Бәлкім, мұның жақсы жағы да бар шығар. Бұдан былай Путинді қолдайтындар бірдеңе түсінді деп ойлаймын. Тіпті, ұйқтап жатқан ресейліктер ояна бастады.

Путиннің сөзінше, ішінара мобилизация кезінде әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылады. Әскери қызметке шақырылғандар бөлімшеге кетпес бұрын арнайы операция негізінде қосымша әскери дайындықтан өтетінін, ішінара мобилизация кезінде әскерге шақырылғандар барлық төлемақы алатынын да айтады. Ол бұл «мобилизацияны» «Ресейдің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін және тәуелсіздігін қорғау үшін қажетті шара» депті.

Ал қылмыстық кодекске енген өзгеріске сәйкес, ерікті түрде тұтқынға түскендер, мародерлік жасағандар және әскери қызметтен бас тартқандар 15 жылға дейін сотталмақ. Айтпақшы, Путин нақты цифрды да айтып, 300 мың азаматтың әскер қатарына алынатынын жеткізді. Демек, шамамен 1 млн адам шақырса, оның ішіне де әйтіп-бүйтіп, ақша беріп құтылып кететіндері де болады. Менің түсінгенім бойынша, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына тиіспейді.

Сонда көбінесе шағын қалалардағы тұрғындар алынады ғой...

– Дәл солай. Осы үндеуден кейін Мәскеу мен Санкт-Петербург қаласына жақын шағын қалаларда тұратын халықтан маза қашты деген ақпарат көп. Сондықтан жағдайы бар, жинаған қоры бар тұрғындар мүмкіндігінше елін тастап кетуге бел буған. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттерінің әуежайында не болып жатқанын көрген шығарсыз. Демек, жас жігіттер соғысқа аттануға дайын емес. Алдағы уақытта ешкім елден шыға алмайтын тәртіп орнатты.

Ресейдің бұл әрекетіне Украина президенті Зеленский қандай да бір пікір білдірді ме?

– Зеленский де, қорғаныс саласына жауапты министрлік те ешқандай түсініктеме айтқан жоқ. Бірақ мұның арты жақсылыққа әкелмейтінін бәрі біліп отыр. Өрімдей жас жігіттер соғыс туралы не біледі? Олар қолына қаруды қалай ұстау керектігін де білмейді. Бәрін үйрету, баулу аз уақыттың шаруасы емес. Сосын оларды киіммен, тамақпен қамтамасыз ету керек. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, ауқымды әскери соғыс алдағы көктемге таман басталмақ. Ал оған дейін Путиннің өзі біржақты болатын шығар.

Бәлкім, түпкілікті бетбұрыс болуы мүмкін. Әрине, бұл соғыс өртін өшірмесе де, басқа арнаға бұратынына сенім бар. Содан кейін ғана Ресей билігі бір үстел басындағы келіссөзге отыруы ықтимал.

– Қазір Украина халқының көңіл-күйі қалай?

– Біздің халық күресті жалғастыруға дайын. Бізге қазір келіссөз емес, жеңіс керек! Біз сол үшін барымызды бердік, барымыздан айрылдық! Түсінесіз бе, бұл жеңіс бізге өте қымбатқа түсіп жатыр. Қаншама азамат қаза тапты. Бұл соғыс жалғаса берсе, талай жас қыршын кетеді. Украин ұлтының бетке ұстар қаймақтарынан айрыламыз. Бірақ біз өз үйіміздеміз! Біз Отанымыздан ешқайда қашпаймыз, ешкімге бермейміз! Бүкіл әлем бізді мойындады, қолдады. Сондықтан біз бұрынғыдан да елімізді жақсы көріп, көздің қарашығындай сақтап қалуды қалаймыз.

Мариупольді қорғаған 200-ден астам сарбаз тұтқынға алынғанын білеміз. Таяуда олардың босағаны туралы ақпаратты оқыдық...

– Ресей біздің 200-дей әскерімізді тұтқындап, босатпай отырған. Кешегі аптада Украина тұтқындағы 200 әскери қызметшісін қайтарып алды. Қалай дейсіз ғой?! Оның орнына «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылған Виктор Медведчукті берді. Оған дейін, яғни мамыр айында ресми Кремль «Медведчук – Украина азаматы. Оның Ресейге қатысы жоқ және ол әскери қызметкер емес» деп келіспеген еді. Бірнеше айдан кейін шешімін өзгертті. Украина қауіпсіздік қызметі төрағасы міндетін атқарушы Василий Малюктің айтуынша, «Медведчук – мемлекетке жасаған сатқындығы құжатпен дәлелденген адам».

Айта кету керек, Украина қауіпсіздік қызметі мамандары Медведчук ісі бойынша бір ғана адамды емес, бірнеше сатқынды ұстап, маңызды мәліметтерді анықтады. Осы айырбастың арқасында Ресей тұтқынға алған батыр әскерлеріміз отбасымен қауышты. Бір қызығы, бұған Медведчуктың өзі келісім берген.

200 әскер – ұлттың жаны! Олардың асыға күтіп отырған отбасына оралуы керемет қуаныш. Бұл да бір жеңіс! Ал Путиннің ішінара мобилизация жүргізуі – қосалқы жаңалық.

Меніңше, Путин сол мобилизация арқылы әсіресе, бізді көбірек қорқытқысы келді. Бірақ керісінше болды. Ол дәлдеген бомба бізге емес, өз үйіне түсті. Сондағысы тек формасы ғана өзгерді. Бұған дейін «әскери операция» болды, енді «Батысқа қарсы соғысқа» айналды. Қазір ресейліктердің өзі үрейленіп, сол үшін өлгісі келмейді. Бұл – Путин жіберіп отырған үлкен қателік. Бұл – ақырзаманның басы!

Тегтер: