12 Сәуір 14:56

Татьяна Кравчук: Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан да асып түсті

Фото:

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың зардабын қарапайым халық қатты тартып отыр. Бір айдан астам уақытта бірнеше қала қирандыға айналып, қаншама бейбіт тұрғын қаза тапты. Екі жақты келіссөздерден де нәтиже жоқтың қасы. Ресей тарапы жай ғана «арнайы операция» дейтін бұл соғысты украин халқы нағыз геноцид деп танып отыр. 

Nege.kz тілшісі Каменец-Подольский қаласының тұрғыны Татьяна Кравчуктен дәл қазіргі Украинадағы жайдайды сұрап білді.  

– Татьяна, екі ел арасындағы соғыстың болып жатқанына 45 күннен асыпты. Өмір мен өлімнің ортасында қалған халықтың жай-күйі қалай? Адам шығыны да көбейді ме?

– 1978 жылдан бері Украинада тұрып келемін. Киевтен 500 шақырымдай жердегі Каменец-Подольский қаласындамын. Туристік агенттіктің директорымын. Соғыс басталғалы жұмыссызбын. 45 күннен бері көріп келе жатқан күнімізді ешкімнің басына бермесін. Адам шығыны көп, өте көп. Шын мәнінде, айтылып, жазылып жатқаннан да көп.

Буча, Ирпень, Мариуполь қалаларында нағыз геноцид орнады. Көшеде көрінген бейбіт тұрғындарды бас салып атып жатыр. Бұл – кәдімгі қанқұйлы соғыс. Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыстан да асып түсті. Ол кезде мұндай қатыгездік, жауыздық болмаған шығар, сірә! 

Мұнда не болып жатқанын көрсеңіздер ғой. Мариуполь қаласында мыңдаған адам ажал құшты, мыңдаған адам аштықтан көз жұмып жатыр. Неге десеңіз, Ресей бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәлізді ашпай қойды. Аштықтан, судың жоқтығынан құрбандар саны артқан.

Фото: DW

Миллиондаған украин басқа елге көшіп жатса, көпшілігі Украинаның тыныш аудандарына қоныс аударды. Ал қаншама тұрғынның үйі тас-талқан болды. Олардың кейін қайта оралатын баспанасы да жоқ. Ең сорақысы, орыс солдаттарының қолынан жазықсыз адамдар мен балалар өліп жатыр. Оларды солдат деуге де болмайтын шығар. Олар – қанішер, зорлықшыл, мародерлер. Олар бізді екі күн ішінде беріле салады деп ойлады.

Бұл – құтқару операциясы емес. Ресей әскері басқа мемлекеттің аумағында не істеп жүр? Не үшін келді? Тәуелсіз елдің шекарасына кіріп «әскери операция» жүргізетіндей қандай құқы бар? Бізді құтқарудың керегі жоқ. Бізде бәрі жақсы. Орыс тілді тұрғындарға да көмек керек емес. Тұрғысы келмейтін адамның бәрі баяғыда кетіп қалған. Біз өз жерімізде, өз үйімізде тұрып жатырмыз. Донецк, Луганск, Қырымды бізден тартып алды. Себебі, біз өте әлсіз болдық, қарсы тұра алмадық. Меніңше, үкімет жағынан да сатқындық жасалды. Содан кейін де бізді оңай жығып берді. Бірақ біз уақыты келгенде шындықты білетін боламыз.

– Осындай сынақты бастан өткізіп жатқан Украина халқы президент Зеленскийді толық қолдай ма?

– Ресей – біздің қас жауымыз атанды. Олар әу баста Украинаны түгелдей жаулап аламыз деген жоспармен келді. Алайда, енді біз жеріміздің бір метрін де бермейміз. Біз ешқайда кетпейміз. Себебі, біз өз үйіміздеміз. Мемлекетімізді, елімізді қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз!

Қазір үйі мен отбасын қорғау үшін кезінде шетелге кеткен көптеген азаматтар оралды. Әркім қолынан келгенше, қал-қадірінше әрекет етуде. Бәрі ауызбірліктің арқасында жеңіске жететініне сенеді. Бірі соғысқа шықса, енді бірі тамақ дайындайды. Тағы бірі үйсіз қалғандарға көмектеседі, кейбірі волонтер ретінде әскердің соғыс өрті өршіген қалаларға баруы үшін қажетті керек-жараққа ақша жинауда.

Біз тұрып жатқан Каменец-Подольский шағын қаласы әзірге тыныш. Арасында снаряд ұшып, күніне бірнеше рет дабыл болып тұрады. Бірақ Мариупольдегідей емес. Оқтың астында қалып, күл-талқаны шыққан қалалардың тұрғындары бізге келіп жатыр. Оларға үйден орын беріп, киім-кешек, тамақпен қамтамасыз етіп, қолымнан келген жәрдемімді көрсетіп жатырмын.  

Шын мәнінде, Зеленский президент болып сайланғанда халықтың дені құптамаған еді. Бірақ соғыс басталғанда ол ешқайда қашқан жоқ. Әлем жұртынан көмек сұрап, талай мемлекеттің есігін қаққанда біз оны қолдадық. Әрине, қазірге дейін қаншама бейбіт тұрғын, оның ішінде балалар, әскерилер қаза болды. Сұрақ көп. Бірақ біртұтас ел ретінде берілмей мемлекетімізді қорғап, жеңіске бірге жетеміз! Ресейді – адамзатты қырған жауыз дер едім.

Фото: DW

Путин – қолын қанға малған террорист. Оны қолдағандар да сондай. Сенбесеңіз, әскерилердің отбасы және анасы арасындағы әңгімесін тыңдаңызшы, олар біздің өлімімізді тілейді. Не деген сұмдық?! Тонап, зорлап, бейбіт тұрғындарды мазақ етіп жатыр. Мұның бәрі қорқынышты естілсе де, олар дәл осындай әрекеттерге баруда.

– Буча, Бородянка, Мариуполь қалаларында қаза болғандар көп екен. Бірақ Ресей тарапы мұны мойындамады. Тіпті, оккупанттардың әйелдерді зорлағанын да жоққа шығарып жатыр...

– Негізінен жер үйлер, ауруханалар көп зардап шекті. Алдыңгүні Краматорск теміржол вокзалында шамамен 50 адам қаза тапты, 300-ге жуығы жарақат алды. Көбі – аналар мен балалар. Сол нысанды атқылаған ракетаға «Балалар үшін» деп жазып қойыпты. Не үшін? Адам осыншама жауыз бола ма?

Ал Буча, Ирпень, Мариуполь, Гостомель қалаларындағы тұрғындарды азаптаған, өртеп өлтірген. Әйелді балаларының көзінше, қызды отбасының алдында қорлап, зорлаған. Артынша көбін атып, қолы байлаулы күйде көшеге қалдырған.

Ол ол ма, өлген адамның мүрдесіне де айуандық әрекет жасаған.  Мұнымен қоймай көмілген марқұмдардың денесін қайта қазып алып жатқаны туралы дәйекті материалдар, суреттер бар. Тағы бір айта кетерлік жайт, Буча, Ирпень, Мариупольден мыңдаған адамды, оның ішінде балаларды күштеп автобусқа отырғызып, Ресей аумағына әкетіп жатыр. Балалардың жанында ата-анасы жоқ. Оларға не істемек? Ата-анасы ертең қалай табады?

Фото: DW

Олардың жауыздығында шек жоқ. Интернеттегі барлық фото және видеолар шынайы. Оны материалыңызға пайдалануға болады. Ал үй-үйге кіріп тонап, бағалы заттарды поштамен Беларусь арқылы жіберіп жатқанына не дейсіз? Сорақысы сол, РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Бучада түсірген бейнежазба арқылы дүрбелең тудырып, теріс үгіт-насихат жасалып жатыр. Бучадағы бейнежазбаларды Украина әдейі қолдан ұйымдастырып отырғанын дәлелдейтін толық айғақ бар. Бұл назарды басқаға аудару амалы» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Кеше таңертең ғана Ресей Мариупольдегі бейбіт тұрғындар мен әскерилерге қарсы химиялық қару жұмсады. Дәл қазір қалада шамамен 150 мың тұрғын бар. Әзірше құрбандардың саны белгісіз.

Мына жақта халық қырылып жатса, қолдан жалған бейнежазба жасаудың не қажеті бар? Әрине, бар нәрсені жарияламай отырған ақпарат құралдары көп. Әсіресе, Ресей жағы шынайы ақпаратты бұрмалап беріп жатыр. Алайда, интернет дамыған заманда әлеуметтік желілер бар. Ютуб арнасында да талай дүние жарияланды. Бұл жерде әлем елдерінен келген журналистер көп. Олар да небір сұмдық көріністі жариялап жатыр. Мұның бәрі Гаага алдында қаралып, әр қанышер жасаған әрекеті үшін жауап береді.

Фото: DW

Мариуполь, Харковь, Буча, тағы басқа қалалардағы адам шығынын қоспағанда бүгінге дейін 183 бала көз жұмды, 342 адам жарақат алды. Себебі соғыс құрбандарын есептеу мүмкін болмай тұр. Көрсеткіш күн санап өсуде. Бірнеше күн бұрын осы қалаларда мыңдаған адам қаза тауып, осыншама адам жарақат алғаны айтылды. Бірақ әскери сала қызметкерлері арасындағы адам шығыны туралы ақпарат жоқ.

– Бүгінге дейін Ресей мен Украина тарапы бірнеше келіссөз өткізді. Бірақ нәтиже болмады. Тіпті, Ресейге санкция да әсер етпеген сияқты. Қалай ойлайсыз, бұл келіссөздерден үміт бар ма?

– Ресеймен қалай келіссөзге келуге болатынын білмеймін. Былайша айтқанда, адам өлтіргіштермен қалай сөйлесуге болады? Бізде жалғыз президент бар және ол бізбен бірге. Бар үміт – бізді бүкіл әлем қолдап жатыр. Жақсылық пен ізгілік жамандықты жеңеді деп сенеміз. Әрине, санкцияның да зардабы айтарлықтай. Қазірдің өзінде батыс елдерінің тарапынан көптеп салынуда. Сондықтан осындай қысымға ұшыраған Ресей көпке бармайды.

Тегтер: