9 Ақпан 11:09
...

Тастанды тағдыр: «Үміт бесігіне» қанша ана сәбиін қалдырып кетті?

Үміт бесігі
Фото: Үміт бесігі

Бес жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет тастанды балаларға арналған baby box орнатылды. Осы уақыт ішінде небәрі екі нәресте жәшігі ашылды, екеуі де Алматы облысында орналасқан. Сол жәшіктер үш сәбиді аман алып қалды. Ал басқа өңірлер бұл бастаманы жалғастыруға аса қатты құлшыныс танытып отырған жоқ.

Алматы, NEGE. Жаңа туған балаларды қоқысқа немесе дәретханаға тастап кету жағдайларының әлі де кездесуі қазақстандықтарды алаңдатпай қоймайды. Жақында ғана Семей қаласында қоқыс контейнерінен орамалға оралған сәбидің денесі табылды.

Тастанды балалар мәселесінің түп-төркіні тереңде жатыр. Әлеуметтік жағдайдың қиындығы, психологиялық күйзеліс, жалғызбасты аналардың қолдаусыз қалуы осындай қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Мұндай кезде кей аналар тығырықтан шығар жол таппай, ауыр шешім қабылдайды.

Осы күрделі мәселені шешудің бір жолы ретінде әлемдік тәжірибеде baby box жобасы қолға алынған. Baby box, яғни «өмірге жол ашатын терезе» – аналары бас тартқан шақалақтың өмірін сақтауға арналған арнайы құрылғы. Италияда оны «өмір бесігі», Германияда «балалар жәшігі», Жапонияда «балалар поштасы», Қытайда «балаларды құтқару аралы» деп атайды.

Қазақстанда бұл жоба «Үміт бесігі» атауымен 2020 жылы басталды.

Қазір Қазақстанда тек екі «Үміт бесігі» бар. Біріншісі Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауруханасында орналасқан. Екіншісі Қаскелең қаласындағы аурухана базасында ашылған.

Үміт бесігі
Фото: Үміт бесігі

«Үміт бесігі» орнатылған бес-алты жыл ішінде қандай өзгеріс болды? Қанша ана сәбиін baby box-қа қалдырды? Бұл сұрақтарға жоба ұйымдастырушыларының бірі Индира Джакубекова жауап берді.

Қанша ана сәбиін «Үміт бесігіне» қалдырып кетті?

Жоба басталғалы baby box-қа үш нәресте қалдырылған. Сәбиін қалдырғысы келетін аналардың көбі Қаскелең қаласына келеді екен.

«Біз үшін мұндай жекелеген жағдайлардың өзінде сәбидің өмірін сақтап қалу маңызды. Ең бастысы, ана баласын қауіпті жерге тастамай, қауіпсіз орынға қалдырады. Бұл үшін анасы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Көбінесе мұндай жағдайға көпбалалы әйелдер баруы мүмкін. Егер олар баланы қауіпті жағдайда қалдырса, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бұл бүкіл отбасының, барлық баласының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Baby box баланың өмірін сақтап қана қоймайды, анасын қылмыстық жауапкершіліктен қорғауға да мүмкіндік береді», – дейді Индира Джакубекова.

«Үміт бесігі» жобасы қалай жұмыс істейді? 

Баланы әкелген адам арнайы терезе-ұяшықты ашып, сәбиді ішіне жатқызады, қалдырылған ақпараттық хатты алып, терезені жабады. Осыдан кейін ұяшық автоматты түрде құлыпталып, ауруханада дабыл сигналы қосылады.

«Ұяшық ішінде бейнекамера бар. Ол баланың түскен кездегі жағдайын тіркеу үшін қажет», – дейді Индира Джакубекова.

Айта кету керек, камера тек балаға бағытталған, ал оны қалдырған адам түсірілмейді. Бір минут ішінде кезекші мейірбике келіп, баланы алып кетеді.

«Бұл жерде жедел әрекет ету өте маңызды. Жаңа туған сәбилер көбіне шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болады. Олар тоңып қалуы, жарақат алуы немесе гипоксияға ұшырауы мүмкін, себебі кей әйелдер медициналық мекемеден тыс жерде босанады. Сондықтан “Үміт бесігі” балалар реанимациясы бар ауруханалардың жанына орнатылады», – дейді ол.

Баласын әкеліп, райынан қайтқан ата-аналар да бар 

Жобаның негізгі мақсаты – тек баланы қабылдау ғана емес, осындай қадамға баруға мәжбүр болған әйелге басқа мүмкіндіктерді де көрсету. Бэби-бокстың ішіндегі хатта «жедел желі», дағдарыс орталықтары және қолдау көрсету орындарының байланыс мәліметтері жазылады. Дәл осы мәлімет әйел адамның таңдауында шешуші рөл атқарады.

«Баланың қайда жеткізілетіні, оны қалай табуға болатыны және қайдан көмек сұрауға болатыны туралы ақпараттық хат дайындалған. Сонымен қатар полиция мен қамқоршылық органдарына хабар беріледі. Полиция баланың іздеуде бар-жоғын тексереді, содан кейін балаға «тастанды бала» мәртебесі беріледі», – дейді Индира Джакубекова.

Органдар нәрестені мемлекет қамқорлығына алып, әрі қарай қауіпсіз мекемеге орналастырады.

Баласын «Үміт бесігінде» қалдырған ананың ойлануға үш ай уақыты бар. Осы мерзім ішінде ол баласын қайтарып ала алады. Ол үшін ДНҚ сараптамасын жасап, сотқа жүгінуі қажет.

Екі жыл бұрын baby box-қа баласын қалдырмақ болған 15 ананың райынан қайтқаны айтылған еді. Алайда Индира Джакубекованың сөзінше, бұл дерек қазір ескірген.

«15 әйелдің жаңа туған сәбиінен бас тарту ниетімен келгені туралы статистика бүгінгі күні ескірген. Ал қазіргі уақытта нақты мәліметтерді жарияламаймыз, себебі анонимділік принципін қатаң сақтаймыз», – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Үміт бесігі» жобасы туралы көп адам біле бермейді. Қазіргі таңда жаңа өңірлерді жобаға тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Басқа қалалардан көмектескісі келетін еріктілер бар, бірақ жаңа baby box ашу үшін дәрігерлер мен мемлекеттік балалар мекемелерінің қолдауы қажет.