23 Қараша 22:59
...

Тасмағамбетовтің тасы неге өрге домалады?

Фото:

Экс-шенеунік, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы болып тағайындалды. Қазақстандықтар үшін бұл күтпеген оқиға болған жоқ. Бұл жаңалық туралы бірнеше телеграм арналары осыған дейін бұл тағайындаудың қыр-сырын талдап, бірнеше деректерді жария еткен-ді.

Дереккөздерінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан екі ай бұрын Тасмағамбетов туралы тиісті қаулы шығарып қойған. Сол кезде бұл туралы үкімет дәлізінде гу-гу әңгіме болған.

Бас назар аударатын жайт, Президент сайлауынан бес күн бұрын Иманғали Тасмағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын жария түрде мәлімдеді.

«Танымал, беделді саясаткер мен мемлекет басшысының арасындағы  алдын ала келісімсіз мұндай мәлімдеме жасалмас еді. Бұл Тасмағамбетов пен Тоқаевтың бір тоқтамға келіп, бір-бірімен қайшылыққа түспесі үшін және қоғамдық-саяси ахуалды ушықтырып, тұрақсыздыққа ұрындыратын жағдайда қалмасы үшін  саяси алаңды бөліскенін білдіреді», - деп жазады кейбір телеграм арналары.

Десе де, бұл дереккөз Тасмағамбетовтің биліктен дәмелі екенін ашық айтқан. Ол Тоқаевтың мерзімі біткен соң президенттің амбициясын ашық көрсететінін болжайды.

«Оның үстіне, қазір Кремль де, Ресейдің өзге саяси және бизнес-элитасы Тасмағамбетовті ресейшіл саясаткер деп біледі. Тасмағамбетовтің осы орынтаққа отырса, мұны ресейлік саяси истеблишмент ресейлік дипломаттар мен лоббистердің жеңісі ретінде көрсетуі мүмкін. Бұл шындыққа сәйкес келмейді», - деп жазады дереккөз. 

Бұл тұжырымның да жаны бар. Ресейдің Этноұлттық стратегиялар агенттігінің Директоры Александр Кобринский сайлаудың алдында Кремль үшін қазір Иманғали Тасмағамбетовтің кандидатурасы қолайлырақ екенін айтқан-ды.

Айта кететін жайт, аталған ұйымға мүше мемлекеттер бүгін Арменияның астанасы Ереванда бас қосып, қызу талқы өткізу үстінде. Талқыланып жатқан басты мәселелер – Әзербайжан мен Армения арасындағы жер дауы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Ресей баспасөзіне сенсек, Кремль Украинадағы соғысқа тікелей не жанама түрде ҰҚШҰ әскерін тартуға күш жұмсамақ. Ал Қарабаққа және басқа да шекара дауына қатысты ҰҚШҰ ұстанымы Арменияға ұнамай тұр. Ереван көшелерінде аталған ұйымға қарсы наразылық шерулері өтіп жатыр.  

Тегтер: