10 Тамыз 16:31
...

ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ күйеубаласы АҚШ президентін «тағынан тайдыруға» шақ тұр

Фото:

АҚШ президенті Джозеф Байденнің ұлы Хантер Байден қымбат Porsche автокөлігін сатып алыпты. Қымбат көлікті кім мінгісі келмейді? Өзі АҚШ секілді азулы әрі бай елдің президентінің ұлы болса, оның не айыбы бар?

Бақсақ, бұл жерде бір шикілік бар екен. Қымбат көлікке төленген ақша қазақстандық миллиардер Кеңес РАҚЫШЕВҚА тиесілі болып шықты. Бұл жайт АҚШ-та үлкен дау-дамайға түрткі болып отыр.  Өкілдер палатасының қадағалау жөніндегі комитетінде кіші Байденнің бұрынғы іскерлік серіктесі Девон АРЧЕР тыңдалым кезінде шетін жайттарды жария еткен.

Америкалықтар қазақ емес, «Кеңес Рақышев өз елінің дәстүр-салтымен Хантер Байденге ат-көлік мінгізген екен» деп, істі жылы жауып қоя салмайды. Олар мәселені тым тереңнен қаза бастады. «Хантер Байден посткеңестік кеңістікте – Қазақстан мен Украинада бизнес жасау үшін әкесінің ықпалын пайдаланған» деп күдіктеніп отыр. Аталған комитет істің егжей-тегжейіне көз жеткізу үшін тергеу жұмыстарын бастап та кетіпті.

Әкелі-бабалы Байдендер. Фото: AFP

Деван Арчерге келсек, ол бір кездері Хантер Байданның жан досы әрі іскерлік серіктесі болыпты. Олар Rosemont Seneca Partners инвестициялық-консалтингтік фирманың тең құрылтайшылары болған.

The Daily Mail Конгрессте 3 тамызда өткен тыңдалымда Девон Арчердің берген куәлігінің стенограммасына қол жеткізген көрінеді. Оған сенсек, Хантер Байден жобаларын жасап жатқан кезде әкесінің ықпалын пайдаланған. Ол кезде АҚШ-тың қазіргі президенті вице-президент қызметін атқарыпты.

«Меніңше, Байден бренді болмағанда, Burisma банкротқа ұшырар еді», – депті Арчер.

Оның айтуынша, Хантер іскерлік кездесу барысында әкесіне қоңырау шалып, өз бизнесін қорғау үшін оның атын жария түрде пайдаланған. Арчердің куәлігіне сенсек, Джозеф Байден вице-президент лауазымын атқарып жүрген кезде екі рет Хантермен және оның шетелдік іскерлік серіктестерімен түскі аста бірге болған. Шетелдіктер түскі астан кейін іле-шала Байденнің ұлына қарасты компанияларға қомақты ақша аударыпты.

Арчердің сөзіне сенсек, 2014 жылы 14 ақпан күні Джо Байден Хантер және оның серіктестерімен Вашингтондағы Cafe Milano атты мейрамханада кешкі ас ішіпті. Дастархан басында Кеңес РАҚЫШЕВ, Кәрім МӘСІМОВ, Елена БАТУРИНА (миллиардер және Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың әйелі) және Эрик ШВЕРИН әңгіме дүкен құрған.

Фото: ғаламтордан

Арчердің айтуынша, қазіргі АҚШ президенті бұл бас қосуда ұзақ уақыт отырып, біраз мәселелерді талқылап тастапты. Осы кешкі астан кейін Елана Батурина  Rosemont Seneca Thornton компаниясының шотына 3,5 миллион доллар аударыпты. Ал 22 сәуірде Rosemont Seneca Bohai шотына Кеңес Рақышев 142 300 доллар ауырған. Бұл ақша Хантерге сыйлық ретінде көрсетіліп, оған қоса президенттің ұлы «қымбат көлікке» ие болған.

Арчер комитетке: «Меніңше, алдында бұл Fisker, сосын Porsche көлігі болды», – деп ағынан жарылыпты. Хантер бұл сыйлыққа қатты мәз болса керек, 2018 жылы Лас-Вегастың төңірегіндегі тас жолда 172 миль жылдамдықпен жүйткіп, Porsche рөлінде отырып, селфи жасаған. Оның бақыттан басы айналып тұрғаны байқалады. Бұл суреттер оның ескі ноутбугынан табылған. Бірақ бұл Кеңес Рақышев мінгізген көлік пе, жоқ па, ол жағы беймәлім.

АҚШ журналистері бұл мәселе төңірегенде Джо Байденнің өзіне сұрақ қойған кезде, ол: «Бұл сұраққа мүлде жауап бергім келмейді. Өйткені, шылғи өтірік!» – деп, баласының бизнесіне беделін салғанын мойындамады.

Кеңес Рақышев – Қазақстандағы шіріген байлардың санатында. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ күйеубаласы. Мұндай байлыққа еліміздің бұрынғы президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН жақын қарым-қатынасы арқылы қол жеткізген.

Олигархтың халықаралық дау-дамайға қалғаны бірінші мәрте емес. Бұған дейін Кеңес Рақышевтың Шешенстан президенті Рамзан Қадыровқа сыйлаған, Қазақстанда жасалған әскери көлік Украинадағы соғыста бой көрсеткен болатын. Бұл жайт «Қазақстан соғысты қолдап, Ресейге әскери техника беріп жатыр» деген күдік туғызған еді. «Ол кәмелет жасына толмаған жезөкшелерді пайдаланды» деген де қауесет ғаламторда жылт еткені бар. 

К.Рақышев. Фото: ғаламтордан

Forbes мәліметтеріне жүгінсек, Кеңес Рақышев – Fincraft Group ЖШС-ның жалғыз қожайыны. Тағы да Fincraft Resources АҚ-ның (бұрынғы SAT & Company) 78,39 пайызына иелік етеді. «БТА Банк» АҚ-да соның меншігінде. Қазақстанды айтпағанда, оған қарасты топтар АҚШ, Украина, Румыния, Беларусь, Ресей және Кипр, Мэн аралдарында іскерлікпен айналысады екен.

Бұдан бөлек, Кеңес Рақышев Fincraft Resources АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы. Және Алматыдағы бір жекеменшік мектептің құрылтайшысы.

Тегтер: