ТАСМАҒАМБЕТОВ Арменияға керек пе?

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының төңірегінде түрлі қызық оқиғалар болып жатыр. Ұйымға деген сенім күннен-күнге кеміп барады.
Өткен аптаның соңында ғана Минскіде (Беларусь) ҰҚШҰ Парламенті Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтіп, ұйымның төрағасы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ ҰҚШҰ-ның «керемет мүмкіндіктері» туралы баяндама жасаған.
И.Тасмағамбетов. Фото: odkb-csto.org
«Батыс бағыттағы жағдай күрделеніп барады, НАТО-ның әскери инфрақұрылымы артып барады. Солтүстік атлантикалық Альянстың барлау қызметі күшейді.
Шығыс Еуропаның қауіпсіздік жағдайы жалпы алғанда Украинадағы Арнайы әскери операциялардың нәтижесінде және бейбіт келісімдердің негізінде айқындалады.
Армения мен Әзірбайжан арасындағы көпжылдық текетірестің салдарынан Оңтүстік Қапқаздағы күрделі жағдай сақталып тұр», – деді И.Тасмағамбетов.
Тасмағамбетовтің қазіргі сөзі Путиннің сөзімен үндес екені айтпаса да түсінікті. Дәл осы ұйымды басқарып тұрғанда Тасмағамбетовтен басқа сөз күту бекер. Десе де ол ҰҚШҰ-ның шалажансар ұйым екенін, ал қарсыластарының күшті екенін амалсыздан мойындап отыр. Бұған Армения премьер-министрі Никол ПАШИНЯННЫҢ сөзі де дәлел.
Фото: РИА Новости
«Егер де-юре Армения ҰҚШҰ-дан шығу туралы шешім қабылдаса, бұл ҰҚШҰ-ның Армениядан кеткенін тіркеген соң ғана болады. Егер ҰҚШҰ өлі ұйымға айналса, бұл мәселе күн тәртібіне шығады. Мұндай жағдайда біз қауіпсіздігімізді өзіміз қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді Н.Пашинян.
Пашинян ұйымға және оның жетекшілеріне деген қыжылын бұған дейін де ашық айтқан. Жалпы Қазақстан басшысы Қ.Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде Путинге «қарыз» боп қалғанын есепке алмағанда, ҰҚШҰ-ның Қазақстанға да қажеті шамалы еді.
«Тасмағамбетовтің төраға болуы ұйымның беделін көтереді» деген сыңайдағы ұшқары пікірлерді көзіміз шалған. Өкініштісі, мүлдем керісінше болып шықты: Тасмағамбетовтің ел арасындағы тәп-тәуір беделі ҰҚШҰ деңгейіне түсті...