Тарихи триумф: қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында бес алтын иеленді
Физикадан халықаралық беделді олимпиада – International Physics Olympiad білім жарысында Қазақстан құрамасындағы бес оқушы да алтыннан алқа тағып, ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.
Астана, NEGE. «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ақпаратынша, 56-халықаралық физика олимпиадасы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен.
Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді десек, бұған дейін ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған.
«Биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті», – делінген хабарламада.
Беделді білім сайысында кіл мықтылардың ішінен суырылып шығып, Қазақстанның абыройын асқақтатқан жеңімпаз оқушылар:
- Азатбеков Әмірбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
- Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Черемнов Роман – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
Әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан олимпиадада оқушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салған. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындаған. Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойғы жүйелі дайындықтың арқасында қол жеткізген.