6 Шілде 16:20

Тарихи ескерткішті бүлдіргендерге жаза күшейді – Ерлан Қарин

Қарин
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин кеше қабылданған бірқатар жаңа заңға пікір білдірді.

Алматы, NEGE. Еске сала кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы әкімшілік жауапкершілікті қатайтатын бірқатар құжатқа қол қойды.

Оның ішінде вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заң да бар.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл — Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған төртінші заң.

"Бұдан бұрын вейптке тыйым салуға, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігіне, "Айбын" орденінің түрлі дәрежелеріне батырлардың есімін беруге қатысты заңға қол қойылған болатын. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде тәртіпсіздік пен мәдениетсіздік сынды кеселдерге қарсы күресуге шақырып, вандализмді теріс қылық деп атап өтті", -деп жазды Мемлекеттік кеңесші Telegram парақшасында.

Қол қойылған заңда:

— қоғамдық орындарды ластау;

— бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру;

— тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жою немесе бүлдіру үшін жауапкершілік күшейтілген.