Тараздағы зауыттағы оқиғадан кейін «Қазақмыс» ресми түсініктеме берді
«Қазақмыс корпорациясы» әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «НДФЗ» ЖШС-мен байланысы бар деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Астана, NEGE. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Корпорация зауыттың қызметіне, оны басқаруға, кадрлық шешімдер қабылдауға және кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты қандай да бір оқиғаларға қатысы жоқ», – делінген хабарламада.
Компания басшылығы БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, тексерілмеген және жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Тараздағы фосфор зауытының жұмысшылары есірткіге қарсы рейдтен кейін наразылыққа шыққан болатын. Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпорында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тексеру жүргізілген.
Рейд барысында зауыт аумағында есірткі заттарын сақтаған адамдар анықталған. Олардың кейбірі есірткіге масаң күйде болған.
Сонда «НДФЗ» кімге тиесілі?
EGov порталының 11 маусымдағы деректеріне сәйкес, «НДФЗ» компаниясы Kaz Chemicals компаниясына тиесілі.
Kaz Chemicals компаниясының үш құрылтайшысы бар. Олар – Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан және Нұржан Нұрлановтар, сондай-ақ Kazakhmys Resources B.V.
Kazakhmys Resources B.V. МФЦА-да тіркелген. Оны Владимир Ким мен Эдуард Огаймен байланыстырады.
Ал мәлімдеме жасаған «Қазақмыс корпорациясы» Нұрлан Артықбаевқа тиесілі Qazaq Acquisition Corp. Ltd. жеке компаниясының құрамына кіреді. Еске салсақ, Артықбаев бұл активті 2025 жылдың қарашасында Владимир Ким мен Эдуард Огайдан сатып алған.
-
Тақырыпқа орай: Қазақмысты сатса да. Владимир Ким НЕГЕ қазақ байлығынан кетпеді?