Таразда әйелдер күресінен Қазақстан оқушыларының ХІ жазғы Гимназиадасы өтті

Киелі Тараз қаласында 2022 жылдың 9-11 тамыз аралығында әйелдер күресінен Қазақстан оқушыларының ХІ жазғы Гимназиадасы өтті.
Жамбыл облысы, NEGE. Гимназиаданы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы» ұйымдастырды.
Жарысты өткізуге «Олимпик» спорт кешені таңдалып алынған болатын. Гимназиадаға Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының өрендерінен жасақталған командалар белсенді қатысты. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Бақтарын сынаған бәйгеде оқ бойы озық шыққан командалар марапатталды.
Жалпы командалық есепте Шымкент қаласы І-орынды иеленсе, Жамбыл облысы ІІ-орынды қанжығалады.
Бұл спорттық шараның да жастарға берер тәрбиесі мол. Салауатты өмір салтын ұстану дәстүрін жалғастыра отырып шәкірттердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашады. Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының да Жамбыл облысында осындай іс-шараны өткізуінде өзіндік мән жатыр. Өйткені Жамбыл өңірінде тәрбиеленіп келе жатқан шәкірттердің бойында спротқа деген құлшыныс ерекше. Оған Гимназиада дәлел бола алды.
Жамбыл облысы спорт саңлақтарына бай өңір. Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбраимов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтарының осы өңірде кіндік қаны тамған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы» спорт түрлері бойынша спорттық ізбасарларды даярлауға және жасөспірімдердің құрама командаларын жасақтауға қатысады. Сонымен қатар, дене тәрбиесі жөніндегі педагог кадрларды қайта даярлауға және біліктілігін көтеруді жүзеге асырады.