8 Қараша 12:34
...

Таразда жекеменшік мектеп жабылып, 250 оқушы құжатсыз қалды

Мектеп
Фото: ғаламтордан

Таразда жекеменшік мектепте оқимыз деп барған 250 оқушы далада қалды. Олардың барып жүрген мектебі бір аптадан бері жабық, деп хабарлайды qazaqstan.tv.

Алматы, NEGE. Тамызда балаларды қабылдаған орталықтың оқу ісін жүргізуге құқық беретін құжаты болмай шыққан.

Мұны білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті анықтады. Жеке мектептің 10 мен 11-ші сынып оқушылары құжат өткізген. Ал балаларын ақы төлеп, оқытып келген ата-аналар алдандық, деп отыр. Тіпті мемлекеттік мектепке ауыстыра алмай әлек.

Өйткені орталық оқушыларға бірінші тоқсанды аяқтағаны жайлы табель толтырып бермеген. Наразы жұрт құжатта қиындық барын не орталық, не білім бөлімі ертерек ескертпеді дейді. Ал олар ай сайын бір балаға 40 мың теңгеден артық төлеп келген. Кейбірі бір жылға бірден төлем жасаған.

– Мектеп деп бізді алдап отыр ғой. Шын мәнінде орталық болып келіп тұр. 14-қазан күні ол нәрсе айтылғанда, біз мектепке кетіп, қазір табелімізді алып, лицензиясы бар мектепте отыратын едік. Мектепке алмайды. Өйткені енді табель жоқ. Бірінші тоқсан бітті. Табельді бұл кісілер бере алмайды. Себебі, лицензиясы жоқ. Заңсыз, – дейді қала тұрғыны Айсұлу Алтаева.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп өзге мекеменің құжатымен бала оқытып келген. Бірақ бірлесе жұмыс істеген басшылары жанжалдасып, құжаты бар ұйым бөлініп кетіпті. Олардың құрылтайшылары шу шыққан жерге келмеді. Департамент тарапы оларды сотқа берген. Алайда ұйым жетекшілері алғашқы сот отырысына да қатыспаған. Енді ата-аналар да ақшаларын өндіріп алу үшін заңға жүгінбек. Ал білім бөлімі балаларды басқа мектептерге қабылдауда қиындық тумайды деп сендіреді.

– Егер сот біздің тараптың уәжін дұрыстаған жағдайда, ол мектепке 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады және жұмыс істеген уақытында тапқан барлық табысын бюджетке қайтаруға міндеттейді, – деді облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Қуаныш Көпбаев.