USD
USD
USD

Тапанша, гранатаатқыштар мен пулеметтер: Қазақстанда қаруды заңсыз өткізудің 52 арнасы жойылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың мәлімдеуінше, соңғы төрт жылда Қазақстанда автоматтар, тапаншалар, гранатаатқыштар мен пулеметтерді қоса алғанда 3,3 мыңнан астам қару-жарақ тәркіленіп, қолдан қару жасап шығаратын 15 жасырын шеберхананың қызметі тоқтатылған.

заңсыз қару өткізу
Фото: ҰҚК

Астана, NEGE. Сондай-ақ Комитет басшысы Kazinform желілік басылымына берген сұхбатында қаруды заңсыз сақтау және өткізумен күрес жұмыстары аясында 52 арнаның жолы кесілгенін хабарлады.

Оның айтуынша, Қазақстанның тоғыз өңірінде шетелдік қылмыстық орта көшбасшылары мен олардың қазақстандық сыбайластарының қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған ауқымды арнайы операция жүргізілген.

«Олар бопсалау, есірткі мен қаруды сақтау және өткізумен айналысып, қоғамда "қылмыс идеологиясын" насихаттаған. Бұл жұмыс қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылмен қатар жүргізілуде», – дейді ҰҚК төрағасы.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық қорғау органдары және прокуратураның өзара іс-қимылы нәтижесінде 2022 жылдан бері кісі өлтіру, қарақшылық, бопсалау, алаяқтық және басқа да ауыр қылмыстарға қатысы бар 75 қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылған.

Бұл ретте Комитет басшысы Алматы облысында тіркелген деректен мысал келтіріп өтті. Аталған облыста бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталғандар мен олардың бостандықтағы сыбайластары ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Бұл топ, ҰҚК өкілінің сөзінше, алаяқтық жолмен люкс санатындағы автокөліктер мен тауарлық-материалдық құндылықтарды жымқыруға маманданған. Олардың заңсыз әрекетінен келген жалпы шығын көлемі 2 млрд теңгеге бағаланды.

Сонымен қатар Сағымбаев есірткі трафигімен күрес ерекше назарда екенін атап өтті. Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқандықтан, ел аумағын есірткі тасымалы үшін пайдалану әрекеттері жиі кездесетін көрінеді.

Осыған байланысты мемлекеттік шекарадағы бақылау күшейтіліп, арнайы операциялар жүргізу нәтижесінде 2022 жылдан бері халықаралық және өңірлік деңгейдегі есірткі тасымалының 339-ға жуық арнасы жойылған. Заңсыз айналымнан 13,2 тонна кокаин, 906 келі героин, 403 келі апиын, 2,1 тоннадан астам гашиш, 7,5 тонна марихуана және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленген.

Бұған қоса синтетикалық есірткі өндіретін 106-дан астам зертхана анықталған. Ең ірілері  Алматы қаласында, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында тіркелген.

Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам синтетикалық есірткі, оның ішінде мефедрон, метамфетамин және өзге де психотроптық заттар, сондай-ақ оларды өндіруге арналған 115 тонна прекурсор тәркіленіп, 700-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Қазір оқып жатыр

Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды

Еуропа

Тарихи триумф: қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында бес алтын иеленді

халықаралық білім додасы

Тоқаев–Трамп диалогы: Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?

Айсұлу Рахмет

ҰҚК соңғы төрт жылда 10 террорлық әрекетті тоқтатқан

террорлық әрекет