Танымал вайнердің отбасылық хикаясы комедияға арқау болды

Белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Дана Есееваның махаббат хикаясы комедиялық фильмге арқау болды. Олар тек өмірде емес, фильмде де ерлі-зайыптылардың рөлін сомдады.
Алматы, NEGE. Режиссер Асқар Бисембин мен продюсер Рашид Әділбеков «Семейные страсти» атты отбасылық фильм түсіруді қолға алған соң, алдын ала кастинг жарияламай, актерлерді бірден рөлге бекітіпті. Олардың таңдаулары вайнер Мейіржан мен Данаға түскен.
«Вайнерлер қазір елдің аузында жүр. Бұл жанұяны бәрі біледі. Отбасылық фильмге сай келді. Бірінші сценарий жаздық, дайын болған соң оларға көрсеттік. Мейіржан мен Дана бірден келісті. Ерлі-зайыптылардың отбасылық әжуаларын таспалау режиссер Асқар Бисембиннің идеясы», - дейді продюсер Рашид Әділбеков.
Айта кетейік, түсірілім жұмысына 21 күн кеткен картинаның 10 пайызы ғана Мейіржан мен Дананың шынайы оқиғасына негізделген. Ал сюжеттік желінің қалған үлесі сценаристердің қиялынан туындапты. Комедиядағы ең жоғары гонорар басты кейіпкерлерге бұйырған. Ал продюсер болса, нақты қанша қаражат кеткенін ашып айтпады. Сонымен қатар картинада Сая Оразғалиева, Жания Джурниская және Әбунасыр Серіков де төбе көрсетті.
Айта кетейік, вайн түсірудің шебері атанған Мейіржан Төребаев, бұл картинаға дейін де бірнеше фильмде сомдаған рөлімен танылған болатын. Отбасылық құндылықтарды арқау еткен комедия бастан аяқ тосын жәйтке, әзілге құрылған. Картинаның тағы бір ерекшелігі - режиссер шет ел аспай, еліміздің көрікті демалыс орындарында түсірген.