Танымал балалар арналарының өнімдері қазақ тіліне аударылады

2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша танымал балалар арналарының мультипликациясын қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды.
Алматы, NEGE. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және балалар контентін мемлекеттік тілде дамыту аясында жүзеге асуда. Балалар арасында жоғары сұранысқа ие TiJi және Nickelodeon телеарналарының аудиожазбаларын отандық кабельдік телевизия бойынша кемінде 600 сағат дубляждық аудару және трансляциялау жоспарлануда. Трансляция 2022 жылы басталады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 29 қыркүйекте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен «Groupe M6» компаниясының телеарналар мен радиостанциялар қоржынын халықаралық дистрибуциялау жөніндегі директоры Жан-Рене Окутюрье (TiJi) өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту және одан әрі жалғастыру ниетін білдіре отырып, жан-жақты ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыруға дайындығын білдірген болатын.