12 Қазан 14:56

Танымал актер Асқар Жұмабеков 6,5 жылға сотталды

Фото:

№2 Бостандық ауданының соты актер Асқар Жұмабековті 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Алматы, NEGE. Былтыр 28 желтоқсанда қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқан. Олардың ішінде сотталушы Асқар Жұмабеков те болған. 

Караоке-бардың күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, олар қашуға мәжбүр болған.

Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған. 

Соққы салдарынан зардап шеккен бес адамның екеуі денсаулығына ауыр және орташа дәрежедегі зиян келтірілген. Олардың мұрны сынған, миы шайқалып, бас жарақатын алған. Айыпталушылар біреуіне орташа, ал қалған екеуіне жеңіл зиян келтірген.

Сонымен қатар Асқар Жұмабековтің бұған дейін де адам ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі "бұзақылық", Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі және 107-бабы 2-бөлігі "денсаулыққа қасақана ауыр және орташа зиян келтiру" бойынша айып тағылды. 

"Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады", - делінген хабарламада.

Осы жағдайға байланысты Асқар Жұмабеков Мемлекет басшысынан көмек сұрады. 

"Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, құрметті Президент, сізден өтініп, көмек сұрағым келіп тұр. Мына видеоны түсіруге мәжбүр болып тұрмын. Себебі басымда бір іс болып жатыр. Құрметті сот, өзім халықтың алдында жүрген адаммын, өнер адамымын, актермін. Сол себепті осы видео сізге жетеді деген үміттемін.

10 қазанда сот болды. Ертең үкім шығады. Сол себепті мен мына видеоны өзімді қорғау мақсатында, сізден көмек сұрау мақсатында түсіріп қойып жатырмын, құрметті сот. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен ажыраттым. Ешкіммен төбелескен жоқпын, құрметті Президент. Егер де ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай болып жатса, осы видео бүкіл Instagram желісінде тараса екен деймін. Ол жерде Ыдырысов, Әблязимов, Бахредин деген кісілердің ұлдары отыр. Сол себепті кімге барып көмек сұрасаң да, басын алып қашады. Себебі қорқады.

Мына видеоны өзім түсіріп отырмын. Өйткені басқа мүмкіндік қалмады, құрметті Президент. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын сізден. Біз қай елде тұрып жатырмыз, Президент мырза? Бізде ақша жоқ болса, біз сонда бәріміз қамала беруіміз керек пе? Егер сондай болса, онда біз Қазақстан елінің азаматы болмай-ақ қояйық", - деді ол видео үндеуінде. 

Тегтер: