«Таңдаулыларға арналған банк» Hilton мен Radisson қонақүйлерін салуға қыруар қаржы құяды
Қазақстанның даму банкі Алматы қаласында Hilton және Radisson Turkistan қонақүйлерін салуға 24 млрд теңге беруге дайын.
Астана, NEGE. 2025 жылы «таңдаулыларға арналған банк» екі қонақүй жобасын қаржыландыруды мақұлдады.
Hilton қонақүйінің құрылысына арналған қаражатты «Trade Market 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алады. Жобаның түпкі бенефициары ретінде Алматы облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Усеин Касанов көрсетілген. Жобаның жалпы құны 24,6 млрд теңгені құрайды. Оның 17 млрд теңгесін Қазақстан даму банкі (ҚДБ) қаржыландырса, қалған 7,6 млрд теңге қарыз алушының өз қаражаты есебінен жабылады.
Бұл жоба аясында ҚДБ екі лимиттен тұратын жаңартылмайтын кредиттік желі ашады. Бірінші лимиттің көлемі 13,7 млрд теңгеге дейін, ал екінші лимит 3,2 млрд теңгеге дейін белгіленген. Бірінші лимит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6,39 пайыз болса, екінші лимит бойынша бұл көрсеткіш 20,01 пайызды құрайды.
Ақшаның бір бөлігі туристік сала жобаларын қаржыландыру бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал қалғаны нарықтық қаражаттар есебінен қалыптастырылады.
- Тақырыпқа орай: Қазақстанның даму банкі таңдаулыларға ғана қолжетімді – Смайылов
Radisson Turkistan қонақүйінің құрылысына арналған қаражатты «Upstate» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алады. Жобаның түпкі бенефициары ретінде кәсіпкер Бағлан Нұрбосынов көрсетілген.
Аталған жобаның жалпы құны 11,9 млрд теңге деп бағаланады. Оның 7 млрд теңгесін Қазақстан даму банкі бөлсе, қалған 4,9 млрд теңгені қарыз алушы өз қаражаты есебінен қаржыландырады. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6 пайызды құрайды. Қарыз мерзімі кредиттік желіні ашу туралы келісім жасалған күннен бастап 180 айға дейін белгіленген.
Жоба Қазақстан даму банкінің ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қолдауға арналған бағдарламасы арқылы қаржыландырылады.