Тамыз конференциясы онлайн режимде өтіп жатыр
Zoom платформасында қазақстандық ата-аналардың тамыз конференциясы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1 мыңға жуық ата-ата қатысуда. Зерттеуші педагог Нұрлан Иманғалиев «жаңа оқу жылына ата-ана қалай дайындалуы керек» деген тақырыпта дәріс оқып, уақыт менеджментін тиімді ұйымдастыру жолдарына тоқталып: «Балаңыз табысты азамат болып жетілсін десеңіз, оған уақыт менеджментін үйретуіңіз керек. Ал оған бірдеңе үйрету үшін оны әуелі өзіңіз жетік білуіңіз қажет. Сондықтан ең әуелі уақыт менеджментін сауатты ұйымдастыруға көңіл бөліңіз. Ата-аналардың көбі баласы 11 сыныпқа келгенде өкініп жататынын жыл сайын көріп жүрміз. Сондай өкініш болмауы үшін балаңыздың болашағын 4-5 жыл бұрын жоспарлап дағдыланыңыз. Себебі бала армандай алғанымен, табиғатынан 4-5 жылға жоспар құра алмайды. Мысалы, IELTS-тен сүрінбей өту үшін кемінде 120 сабақ алу керек. Ал мұнша көлемдегі білімді 1-2 аптаның ішінде алып үлгеру мүмкін емес. Баланың үлгеріміне, сынақтарға дайындығына сын сағат таяғанда емес, ерте бастан дайындалу осы үшін маңызды», – дейді педагог.
Онлайн конференция шеңберінде «Жаңа ұрпақ» жобасының авторы, отбасы коучы Асхат Әбжанов, психолог-педагог Айжан Әділбаева, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мамандары дәріс оқып, тренингтер өткізу жоспарланған.