30 Сәуір 12:37
...

«АҚШ-қа қоныс аударғым келеді...» – Тәуекел Мүсілім НЕГЕ Қазақстаннан кетуді ойлап жүр?

М
Фото: instagram.com/mussilim/

Сымбаты келіскен Тәуекел Мүсілім модельдік саламен қатар шоу-бизнесте де танымал. Оның жуырда ойламаған жерден «Қазақстаннан кетеміз-ау...» дегені біраз жұртты селт еткізді. 

Желі арқылы жанайқайын жеткізген өнерлі жігітке NEGE тілшісі хабарласып, мән-жайды сұрады.

– Тәуекел, кішкентайыңыз қалай, өсіп жатыр ма? 

– Шүкір, рақмет, қылықтарымен қуантып өсіп жатыр.

– Бала кезде «бес балам болса» деп армандаған екенсіз. Қазіргі қымбатшылықта үш баланың өзін асырау оңайға соғып жатпаған болар?

– Әрине, баланы бағып-қағып, оқытып, адам қатарына қосу оңай емес. Дегенмен, Алла тағы перзент берсе, көре жатармыз. Енді көзге көрінген осы үшеуін жеткізіп, қатарға қоссақ, соның өзі бір ғанибет пе деймін.

– Жалпы Қазақстанда демографияны көтеру керек дейді. Бірақ сол үшін жасалып жатқан жағдай көңіл көншітерлік пе?

– Демографияны жақсартуға жасалып жатқан ауқымды жұмыстар бар деп айта алмаймын. Өйткені қоғамда түрлі әлеуметтік жағдайлар бар. Мәселен, баланы бала-бақшаға беру, мектепте оқыту – барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Жекеменшік мектептер де жетерлік, бірақ оларың бағасы да ұшып тұрғандықтан, балаға сапалы білім беру де қиынға соғады. Осыны ескерсек, халық санын көбейтуге ықпал жасалып жатыр деуге келмейді.

М
instagram.com/mussilim/

– Айтпақшы, жуырда Kaspi қосымшаңызға түскен аударылымдар жөнінде есеп сұрап жатыр деген едіңіз. Бұл не жағдай?

– Салық комитеті 2022-23 жылғы аударымдарға есеп беріңіз деді. Маған ақша салғандардың бәрінен қағаз жүзінде түсініктеме алып өткізуге тиіс екенмін. Осылайша қосымша тағы бір жұмыс тауып берді. Рақмет!

– Неше жыл бұрынғы аударымдар төңірегінде ұзын-сонар тізімді түгендеу мүмкін бе?

– Қарап отырсам, қай кезде, қай сома кімнен түскені есімде жоқ. Осының шешімін табуды кімнің қалай ойлағанын өзім де түсінбеймін. Сондықтан бұл сұрақ құзырлы органдарға қарасты қойылу керек сияқты. Аударым мөлшері 100 мың теңгеден асып кеткен соң осылай тексеруге көшкенін айтты. Тізімді танымал адамдардан бастаған көрінеді. Бізден кейін қарапайым адамдарға көшетін тәрізді. Түсінгенім, қазынада қаржы таусылған соң ақша табудың амалын жасап жатыр. Басқа себеп көріп тұрғаным жоқ.

– «Қазақстаннан кетеміз-ау» дегеніңіз желідегі жұрттың көңілін күпті етті. Бұл ашумен айтылған сөз бе, әлде елден кетуіңіз мүмкін бе?

– Мына жағдайдан кейін жүрексініп қалдым. Дегенмен, кететінімізді, не елде қалатынымызды уақыт көрсетеді. Мен өзге елге барған күнде осы мансабымды жалғастырамын деп айта алмаймын. Бір жағынан тіл мәселесі бар. Егер мүмкіндік болып жатса, АҚШ-қа қоныс аударатын едім. Ол жаққа барып-келіп жүргенде байқағаным, еңбектенген адам оның жемісін көреді, біздегіндей тамыр-таныстық, жағымпаздық деген әңгіме жүрмейді.

– Шымкенттің туристік-амбассадоры болдыңыз. Шұрайлы өңір қаржылық шырайыңызды келістіре алды ма?

– Иә, бір жылдай көлемінде жергілікті туристік нысандарды жарнамаладым. Бірақ ол үшін ешқандай ақы алмадым. Шымкент жақсы дамып келе жатқан қала болғандықтан, туристік орталыққа айналатын потенциалы бар. Егер осы қарқын жалғаса берсе, Ташкенттегідей тәуір туристер тартуға болады деп ойлаймын. Осы ретте аз да болса өз үлесімді қосуға тырыстым.

М
instagram.com/mussilim/

– Келіншегіңіз екеуіңіз бір-біріңізден асатын қызғаншақ екендеріңізді айтып едіңіз. Енді эмоциядан гөрі, сенімге көп бой алдыратын боларсыздар?

– Күмәндануға мүмкіндік бермеуге тырысамыз. Сол себепті әрдайым ашық сөйлесеміз.

– Қоғамда ажырасу көп. Бұған біреулер «талабы күшті» деп әйелді кіналаса, енді біреулер «жауапкершіліктен жалтарып кеткен» деп ерлерді сынайды. Сіз қалай ойлайсыз?

– Отбасылық өмірде бес жылдық тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, жанұя болған соң оның ұйысуы жолында екі тараптың да пікірі ескерілу керек. Тек «менікі дұрыс» деген әңгіме болмайды. Өз басым біреуді айыптамас бұрын өзімді сол кісінің орнына қойып көремін. Сонда көп нәрсені түсініп, тең қарауға тырысасың. Көбіне ер адамдар қызды болғаннан кейін ғана әйел затын қалай аялау керек екенін түсініп жатады.

– Актерлердің сымбатына қарап сән-салтанатпен өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Денгенмен, оның қандай машақаты бар?

– Қазақстанда кино саласы енді дамып келе жатыр ғой. Егер түсірілген туынды тәуір касса жинаса, оның түсімі проюдюсерге тиесілі болады. Ал актерлер келіскен гонорармен шектеледі. Мысалы, өз басым жүргізушімін, арасында жиын-тойға да шығып кетеміз. Осыған қарап бір ғана актерлікпен отбасыңды асыраудың мүмкін еместігін түсінуге болады. Ал көршілес Ресей мен Түркиядағы әріптестерім біздің осындай күйімізді естігенде таң қалып жатады. Себебі оларда бір ғана актерлік мансаппен жағдайын жасайды. Театрдағы актерлер де сол – жағдайы мәз емес.

М
instagram.com/mussilim/

– Сонда сіздің аяқасты әнші болып кеткеніңіз де мұқтаждықтан туындады ма?

– Маған әншілік ұнайды. Бірақ өз басымда әнші болып шыға келемін деген ой болған емес, бұл продюсерімнің ұсынысынан туындады.

– Танымал актерлердің қатарынансыз. Белгіленген бағаңыз соған сай болар?

– Менің актерлік салада алған білімі жоқ қой. Гонорар сұрағанда мұны да ескеремін. Дегенмен, әр образды кейіптеген сайын шеберлігімнің шыңдала түсетінін жасырмаймын. Бірақ, өзіндік белгілеген ақым бар.

– Шакентидің мәселесі оны біраз туындыдан шеттеті. Осы ретте өзіңіз де қия баспауға тырысатын шығарсыз? 

– Әрине, ел алдында жүргеннен кейін әр қадамды анық басуға тырысамыз. Сондай-ақ әлеуметтік желінің дамыған заманы болғандықтан, ту сыртыңнан оңай түсіріп алады. Қалайда қоғамдық ортада өзімізді мәдениетті ұстауға тырысамыз. Бірақ бұл мен былайғы уақытта мәдениетсізбін деген сөз емес. Негізі шалыс баспайтын адам болмады ғой. Сондықтан ондай жандарға түсіністікпен қарауға тырысамыз.

М
instagram.com/mussilim/

– Қарап тұрған жігітке қыз артылған заман ғой, отбасыңыз барын біле тұра мазалайтын қыздар бар ма?

– Мен отбасын құрғалы мазалайтын қыздар болған жоқ. Көпшілік әйелім бар екенін біледі. Сондықтан бойдақ қыздар тарапынан ондай ерсі әрекет болған емес.

– Марқұм әкеңіз Сабыр Мүслімнің екінші некесінен бес бала қалған екен. Олармен қатысып тұрасыз ба? 

– Әрине, әкемнің көзі тірісінде барып таныстық, қатынастық. Осы жақында ғана үлкен ұлы отау құрды. Сол қуаныштың құдалығына, тойына, қыз жақтың ұзатуына қатысып қайттым. Бауыр ретінде араласып-құраласып тұрамыз.

«Жаңа Қазақстан» дегенге сенесіз бе?

– Мен жастарға сенемін. Білімді, иманды, көзі ашық жастардың жүйені өзгертетінінен үміттенем. Біздің қарыштайтын кезіміз әлі алда...

P.S. Алматыда туып-өскен Тәуекелдің қазақшасы мен қазақылығына сүйсіндік. Президент айтқандай, қай тілде сөйлеу әркімнің өз еркі. Ал біздікі қазақты, қазақтың тілін, қазақтың өнерін сүйетін азаматтар елден кетпесе екен деген тілек қана.