«Тамаша» театрының мерейтойлық кеші қалай өтті?
Аты аңызға айналған «Тамаша» әзіл-сықақ театрына биыл 45 жыл толды. Мерейтойға орай күні кеше Республика сарайында тамаша кеш өтті. Тарихы тереңде жатқан театрдың тартуын NEGE тілшісі тамашалап қайтқан еді.
«Негізі дайындыққа өте аз уақыт берілді. Соған қарамастан, бәріміз намысқа тырысып, концерт жоғары деңгейде өтуі үшін бар күш-жігерімізді салдық. Өкінішке орай, өздеріңіз білетіндей «Тамаша» тарихындағы үлкен ағаларымыз өмірден озған. Ол кісілер мәңгі біздің жүрегімізде қалмақ, оларды еске алмай жүре алмаймыз», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актриса Гүлбаушын Тілеубекова.
Иә, «Тамашаның» негізін қалаған Лұқпан Есеновтың дүниеден озғанына да биыл 17 жыл болған екен. Қаншама өнерлі жасты өнер айдынына қанаттандырып, қалың халықты астарлы әзілмен тұшындырған театрдың редакторы Қойшыгүл Жылқышиев те 2023 жылы дүние салды. Ал,көрерменді түрлі образдарымен тамсандырған Мейірман Нұрекеев, Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазин, Тоқсын Кұлыбеков сынды тарландары көрермен жадында жатталып қалды.
Мерейтой қарсаңында Jibek joly арнасы «Тамаша» әзіл-сықақ театры туралы сериал түсірді. Көрерменге жол тартқан телетуындыны көзі қырағы көрермен тамашалап, желіде пікір білдіруде. Ал «Тамашаның» тарланы Данагүл Темірсұлтанова «Ауырып қалғаныма байланысты шығарылымның алғашқы сериясын ғана көріп үлгердім. Қалай түсірілгеніне халық өзі бағасын бере жатар. Бірақ, мен сын көзбен қарайтын адаммын. Жақсы болды ма, жаман болды ма, ол жағын кейінірек айта жатармын» деп қайырды.
Айтпақшы, телетуындыда Темірсұлтанова қызы Айым Сейтметоваға өзін сомдауға жол бермеген.
Оның себебін «Қызымның энергетикасы да, даусы да, түрі де маған ұқсайды. Дейтүрғанмен, оның бойы 1 метр 75 см, ал менің бойым қысқа. Егер ол рөлге бекітілсе, күйеуім Азаттың рөлін сомдаған жігітті де бойы 1 метр 90 см актерге алмастыру керек болды. Сондықтан бой жағынан да, бет-әлпеті жағынан да маған келеді-ау деп жас актриса Бақытгүл Серікбаеваны өзім таңдадым», – деп түсіндірді.
Кеш барысында сериалға түскен актерлер ортаға шығып, халық қошеметіне бөленді. Концертті Бауыржан Орда мен Ләйлә Сұлтанқызы тізгіндеді. Үш сағатқа созылған кеште Асылбек Боранбай, Нұржан Тұтов, Марат Көккөзов сияқты әзіл әлемінде қолтаңбасы қалыптасқан актерлер көрерменді күлкіге бөлесе, Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Мәдина Садуақасова, Бүркіт пен Аиша және «Дос-Мұқасан» тобы әдемі әннен шашу шашты.