Тәлімгері барын білмейтін жасөспірімдер көп – депутат
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдердің 30 пайызы өзіне тәлімгер бекітілгенінен хабарсыз екенін айтып, министрліктен жағдайды қолға алуын сұрады.
Астана, NEGE. Құрылтайда өткен Үкімет сағатында депутат «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында тәлімгер бекіту мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, тұжырымдама бойынша полицияның есебінде тұрған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға тәлімгер бекітіледі. Ал есепте тұрған отбасыларда 11 мыңнан астам бала бар.
Алайда депутаттың сөзінше, министрліктің есебі тәлімгерлік жұмыс тек құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдермен жүргізіліп жатқанын көрсеткен. Смолякова бұл екі санаттың тәуекел факторлары әртүрлі екенін айтып, бір бағыттағы жұмыстың екіншісін алмастырмауы керектігін ескертті.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының 1,5 пайызы және елдегі суицид жағдайларының 2 пайызы дәл осы отбасыларда болады. Сондықтан мұндай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға қосымша қолдау көрсету үшін тәлімгер бекіту көзделген. Бірақ министрліктің есептерінде нысаналы топтар ауысып кеткен», – деді Екатерина Смолякова.
Депутат министрліктен тұрмысы қолайсыз отбасылардағы балалармен жұмысты қашан бастайтынын және тәлімгерлердің нақты көмегін қалай бақылайтынын сұрады.
Сүлейменованың сөзінше, бұл бағыттағы жұмысты өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен әкім орынбасарлары басқаратын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар бақылайды. Биыл министрлік Жамбыл, Атырау, Жетісу және Қызылорда облыстарында көшпелі отырыстар өткізген.
Сонымен қатар, екі санат бойынша бөлек жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрдің мәліметінше, полицияның есебінде тұрған 5 500 кәмелетке толмаған бала, ал тұрмысы қолайсыз отбасыларда 3 300 бала тәрбиеленіп жатыр.